« Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов өңірлерді аралау барысында байқаған түйткілді түйіндерді жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат ең алдымен еліміздегі инвестициялық және бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды.
«Кішігірім елді мекендерде халық саны аз фельдшерлік-акушерлік пункттерін салу мақсатында ірі көлемді және қымбат жобалардың құрылыс жұмыстарын жүргізу деректері орын алып жатқанын білеміз. ҚХП фракциясының пікірінше, осындай тиімсіз әрекет мемлекеттік пен жекешелік әріптестік жобаларына теріс әсер етіп, инвестициялық және бюджеттік саясатқа кері ықпалын тигізеді», деді ол.
Сондай-ақ М. Магеррамов Архив және кітапхана мекемелерінің еңбек ұжымдарымен өткен кездесуде жұмыскерлердің еңбекақысын төлеуде әлеуметтік әділетсіздіктің бар екеніне көз жеткізгенін атап өтті. Айтуынша мұның себебі олар әртүрлі ведомстволарға тіркелген.
«Мысалы, кейбір аймақтарда мемлекеттік кітапхана қызметкерлері «мәдениет саласының қызметкерлері» санатына жатқызылса, басқаларында оларды «білім және ғылым қызметкерлері» ретінде қарастырады. Бұл мәселені шешу үшін барлық кітапханашыларды бір жұмыс позициялары реестріне қосып, Қазақстанның барлық өңірлерінде ең жоғары коэффициент бойынша жалақы төлеу қажет», деді депутат.
Бұдан кейін депутат аптекалық нашақорлықтың алдын-алу шаралары жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керектігін айтты. Сонымен қатар жыныстық зорлықтың құрбаны болған жандардың жеке ақпараттары жалпақ жұртқа жайылып кетпеу амалдарын күшейту керектігін ескертті.
«Адам құқықтары (балалар) институтының қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен үздіксіз, тікелей және тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ зардап шеккендер туралы ақпараттың алдын ала таралуына жол бермей, жәбірленушінің құқықтық қорғалуын қоғам назарынсыз қамтамасыз ету керек», деді сөз соңында М. Магеррамов.