Жеке куәлік — 16 жасқа толған әрбір Қазақстан Республикасының азаматы үшін негізгі құжат. Егер ол жоғалған немесе ұрланған жағдайда қалпына келтіру үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының кез келген филиалына жүгіну қажет, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .
Жеке куәлік жоғалған немесе ұрланған кезде не істеу керек?
Куәлікті қалпына келтіру үшін мына құжаттар қажет:
- Жоғалу мән-жайы көрсетілген жазбаша өтініш (ұрланған жағдайда полиция бөлімінен берілетін талон);
- Мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылатынын растайтын құжат (бар болған жағдайда);
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (егер болса);
- Жаңа жеке куәлік алу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу.
Мемлекеттік баж салығын қалай төлеуге болады?
2025 жылы мемлекеттік баж салығының көлемі — 786,4 теңге. Оны банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде төлеуге болады.
Нені ескеру керек?
Егер жеке куәлік бір жыл ішінде екі реттен көп жоғалса, мемлекеттік баж салығы 1 АЕК мөлшерінде, яғни 3932 теңге болады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар төлқұжатын онлайн режимде ала алатыны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!