Орталық Азияның экологиялық ахуалы мемлекет басшыларының назарынан түскен емес.
Ташкенттегі саяси диалог сол жоғары деңгейде жасалған келісімдерді нақтылап, халықаралық ұйымдарды жұмылдыру арқылы әрекет етуге бағытталған. БҰҰ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық Одақ сияқты институттар арал тағдырына бейжай қарамайды. Жыл сайын қомақты қаржы бөліп, экологиялық ахуалдың тұрақталуына ат салысып келеді.
Азиз Абдухакимов, Өзбекстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі:
- Халықаралық ұйымдар Орталық Азия елдерінің бірігіп әрекет етіп жатқанын жоғары бағалайды. 5 мемлекеттердің үйлестіру саясаты қалыптасты. Сол үшін бізге сеніп, институттар қаржы бөледі. Болашақта донорларды көптеп тартуды жоспарлап отырмыз. Себебі климаттың өзгеруі аймақтағы биоалуандыққа кері әсерін тигізіп жатыр.
Қазақстанда табиғатты қорғау мен биоалуандықты байыту бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Жалғасып та жатыр. Шетелдік экологтар әсіресе елдегі киік санының күрт көбейгеніне таң қалысты.
Дарын Әбілғаниев, қазақстандық делегат:
- Екі мыңыншы жылдары мысалы бізде ерекше қорғалатын аймақтар 5 пайыз болса, қазір 11 пайызға жетті. Екі еселенді.
Саяси диалог барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің жанынан ашылған «Табиғат жөніндегі Орталық Азия әріптестігі» қорының жұмысы таныстырылды. Аталған қор аймаққа инвестиция тартып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыратын болады.