What are you looking for?

Жеткіншектің жарқын жеңісі

14.03.2025

Өзбекстанда өткен әлем чемпионатына 15 жастағы Ұйғыр ауданының спортшысы Раушан Тоқтарбай қатысып, екі дүркін чемпион атанды . Осы мерейлі жеңіске орай, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде келелі кездесу өтті.

Жиынға құрметті қонақ ретінде Армия Ушуров ша­қырылды. 93 жастағы спортшыны барша жұрт құрмет тұтады. Ардагер – аудандағы жеңіл атлетикадан еліміз­­дің 12 мәрте чемпионы атан­ған жалғыз спортшы. Кездесу барысында қарт спортшы жүріп өткен жолынан қы­зықты естеліктер айтып бер­ді. Ал 15 жастағы спортшы Раушан Тоқтарбай өзінің ­же­тіс­тіктерімен бөлісті.

«Армрестлингке 2022 жылы келдім. Бір жыл ішінде Алматы облысы­ның чемпио­ны атандым, еліміздің чем­пио­натында 3-орын иелендім. Кейінгі кездегі жетістігім Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында бас жүлдені иеленуім болды», дейді жүзі бал-бұл жанған чемпион қыз.

Спорт мектебінің іргесі 1971 жылы қаланған. Мұнда баскетбол, волейбол, футбол, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, армрестлинг, бокс секілді 11 спорт үйірмесінде 1048 бала жаттығады.

«2024 жылы 134 спортшымыз түрлі біріншілікте жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде алтын алғандардың саны – 42. Спорт ғимаратының ескі екені рас. Алдағы жылдарда үлкен спорт кешені ашылады деп жоспарланған. Сол қуанышты жаңалықты асыға күтіп жүрміз» дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің ­директоры Саян Ахметов.

Сондай-ақ бұл жерде тағы бір ерекше спортшы жаттығады. Ол – Рахметжан Хамраев. Бала күнінде жұлынынан жарақат алып, аяқтары қимылсыз қалған азамат спортқа біржола ден қойған.

«Пауэрлифтингпен 2012 жылдан бастап айналысамын. Спортқа әкем әкелді. Бірден келісе кеттім. Бойымдағы мүгедектікке мән бермедім. Ел қатарлы жаттығып, түрлі чемпионатта (Азия ойындары, әлем, ел біріншілігі) жүлделі болдым. Парижде өткен жазғы Паралимпиадаға да қатыстым. Бірнеше рет әлем рекордын жаңарттым. 206 кило штанганы көтеріп, бір белесті бағындырдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік», деген Р.Хамраев жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Алматы облысы

Social Link

Follow Me On Social Media