Түркістан облысы Сарыағаш ауданында қанды қылмыс жасалды. 19 жастағы жігітті әлдекімдер елсіз жерге апарып, аяусыз азаптап өлтіріп кеткен, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның анасы қылмыс 20 ақпанда болғанын айтады. Ал 22 ақпанда мәйітті ауыл шопаны тауып алған көрінеді.
"Айдала, түн түгілі күндіз баруға қорқатын жерге менің баламды алып барған. 14 жерінен пышақтап, маңдайына бірдеңемен ұрған. Өйткені сүйегі кіріп кеткен. Із бар кәдімгідей. Сол жерден табылып отыр ғой балам", — деді марқұмның анасы Райхан Жамалова.
Әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, жантүршігерлік қылмысты жасады деген күдікке ілінгендер қатарында әскери қызметкер де бар. Бүгінде ол ұсталып, қамауға алынған. Мұны қалалық әскери тергеу басқармасының мамандары мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған күдікті анықталып, ҚР ҚПК-нің 128-131 баптарының тәртібімен ұсталды және күдіктіге тергеу соты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді. Қазір соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр", — деді ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Шымкент бөлімі өкілі.
Сарыағаш қаласында болған қанды оқиғаға қатысты ғаламторда сан түрлі ақпарат тарап жатыр. Солардың бірінде күдікті марқұмға 280 мың теңге көлеміндегі ақшаны қарызға алдырған деген де дерек бар. Қазір оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал марқұмның отбасы ұлының ажалына себеп болғандар тиісті жазасын қатаң түрде алсын деп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!