Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін анықтауға бағытталған "Еңбек жолы" республикалық конкурсының өңірлік кезеңіне қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Еңбек жолы" байқауы еліміздегі Еңбек күнін мерекелеуге және "Еңбек адамын" құрметтеуге орайластырылған. Ол өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Конкурс жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде, үш номинация бойынша өткізіледі:
- "Үздік еңбек әулеті" – ең ұзақ еңбек өтілі бар, ең көп марапаттарға ие ең үлкен әулет таңдалады;
- "Өндірістің үздік жас жұмыскері" – 5 жылдан аспайтын жұмыс өтілі бар өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады;
- "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар ең белсенді және тиімді тәлімгер таңдалады.
Конкурсқа өнеркәсіп саласына қарамастан, барлық кәсіпорынның жұмыскерлері қатыса алады.
Конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарларының төрағалығымен комиссиялар айқындайды. Конкурстың республикалық кезеңінің жеңімпаздарын құрамына Қазақстан парламентінің депутаттары, республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің өкілдері кіретін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы комиссия айқындайды.
Министрлік еңбек әулеттерінің өкілдерін де, бастамашыл жас жұмыскерлер мен олардың тәлімгерлерін де конкурсқа белсенді қатысуға шақырып отыр.
Сайыс жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуыңыз керек.