What are you looking for?

Нидерландта Кеңес Одағы жауынгерлерінің ерлігін дәріптейтін мемориалдық музей ашылды

16.03.2025

Нидерландтың Амерсфорт қаласында Кеңес Одағы жауынгерлерінің ерлігін дәріптейтін мемориалдық музей ашылды. Іс-шара Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Мұражайда сұрапыл соғыс жылдары ізім-қайым жоғалған жауынгерлердің тарихымен танысуға болады. Олардың арасында Қазақстандық сарбаздар да бар.

«Кеңес даңқ алаңы» мемориалдық музейінің тарихы сонау 1948 жылдан бастау алады. Кешен әскери тұтқындар лагерінің бұрынғы орнында құрылған. Сұрапыл соғыстан көп жауынгерге туған жердің топырағы бұйырмады. Мұнда бірі аштық пен айықпас дерттен көз жұмса, енді бірі азапталып, атылған. Қазір мұражай жанынан құрылған қор қызметкерлері немістердің осы лагерінде жан тапсырған жауынгерлердің туыстарын іздеу жұмыстарымен айналысады.

Ремко Рейдинг, «Кеңес даңқ алаңы» музейі мен қорының директоры:

-«Кеңес даңқ алаңы» қорымы туралы 25 жыл бұрын білдім. Мұнда 865 сарбаз жерленген. Барлығының аты-жөні белгісіз болатын. Сол кезде іздеу жұмыстарына кірістім. Қазір бұл менің өмірлік миссияма айналды. Бүгінде біз 227 марқұмның аты-жөнін анықтадық.

Шағын үш залдан тұратын экспозицияда заманауи технологияның көмегімен тарих беттеріне жан біткендей. Виртуалды көзілдірікті киіп, қарапайым жауынгердің майдан алаңына аттанған сәтінен бастап, ауруханадағы ауыр күндеріне дейін көруге болады. Мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстан, Өзбекстан, Грузиядан соғысқа аттанғандардың туысқандары да арнайы шақыртылды.

Герольф Баумейстер, Лейсден қаласының мэрі

-Бұл мен үшін маңызды күн. Бүгін қазақстандық жауынгерлердің бірі Дмитрий Хмельдің жақындарымен кездестім. Отбасымызбен бірге оның зиратын бірнеше жыл бойы күтіп-тазалап келдік. Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 80 жыл өтсе де, белгісіз жауынгерлердің зираты әлі көп. Сондықтан іздестіру жұмыстары тоқтамауы тиіс.

Қатардағы жауынгер Дмитрий Хмель 41-жылы соғысқа аттанып, 42-жылы немістердің қолына тұтқынға түседі. Кейін әйелі «күйеуіңіз туберкулёзден қайтыс болды» деген қаралы хабар ғана алады. Ал денесі қайда екенін осы күнге дейін білмей келген.

Татьяна Боженко, Дмитрий Хмельдің немересі:

-2005 жылы голландиялық журналист газетке хабарлама беріп, жауынгердің Германияда қайтыс болып, Голландияда жерленгенін айтты. Ұзақ жылдар бойы жақындарының сүйегін таба алмай жүргендер үшін бұл жаңалық төбеден жай түскендей әсер етті. Себебі кейбірінің үміті үзіле бастаған еді.

Кешенді аралап, екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақ тұстарын тереңірек біліп тануға болады. Кеңес әскері жауынгерлерінің ерлігін дәріптейтін мемориалдық кешен келушілерге есігі ашық.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Жанат Эрнст

Social Link

Follow Me On Social Media