What are you looking for?

Елде жұмыртқа жеткілікті

17.03.2025

«Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет». Президент Құрылтайда осылай деген еді.

Тақауда елге шетелден тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынбақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің өнімінен бас тартуды ұсынып отыр.

Яғни, сәуірден бастап қыркүйектің соңына дейін көрші елдерден жұмыртқа кіргізілмейді. Бұл талаптың ішкі нарыққа әсері қандай? Жұмыртқа тапшылығы туып, қымбаттап кетпей ме?

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Бүгінде елде 70 құс фабрикасы бар. Олардың 34-і жұмыртқа өндірсе, 29-ы етті бағытта. Сондай-ақ 7 кәсіпорын асылтұқымды тауық өсіреді.

Құс шаруашылығы

Барлығы – 70 фабрика

34 жұмыртқа бағытында

29 ет бағытында

7 асылтұқымды

Ішкі нарықты отандық кәсіпорындар 99%-ке қамтамасыз етіп отыр. Яғни, жұмыртқа жеткілікті. Дегенмен, импорт көлемі экспорттан екі есе артық. Мәселен, былтыр 43 млн жұмыртқа экспортталса, 87 млн-нан астам жұмыртқа сырттан сатып алынды.

Негізгі импорттаушылар – Еуразиялық экономикалық одақ елдері. Үкімет импортқа жарты жыл тыйым салу арқылы отандық нарықты шетелдік бәсекелестерден қорғауды көздеп отыр.

Шет мемлекеттерден жұмыртқа әкелуге тыйым салу саланың дамуына оң әсерін тигізіп, баға қалыптасу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Елдің батыс өңірлеріне басқа аймақтардан жұмыртқа жеткізіледі. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, заңсыз импортталған жұмыртқаның саудаға түсуіне жол бермеу үшін бақылау шаралары қолға алынады. Анықталған заңсыз тауарлар айналымнан шығарылады.

Бұған дейін де жұмыртқа импортына тыйым салынған еді. Былтыр көктем-жаз мезгілдерінде сырттан жұмыртқа кіргізілген жоқ. Ескеретін мәселе – транзиттік жүк тоқтамайды. Яғни, өзге елге тиесілі жұмыртқа ел аумағымен емін-еркін өте береді.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында меморандумға қол қойылды. Келісім бойынша кәсіпорындар көтерме бағаны бір деңгейде ұстап тұруға тиіс. Және фирмалық дүкендерінде бағаны негізсіз көтермеуге міндеттелді. Бұл талап азық-түлік қымбатшылығының алдын алуды көздейді.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:

- Бір жұмыртқа, бірінші категория 55-тен жоғары болмауы керек бағасы. Біз оған келісіп, меморандумға қол қойдық. Билік жақтан біз сұрағанымыз, Қазақстанға сырттан жұмыртқа кірмеуі керек деп. Ондай деп айтқанымыз, Қазақстан жаңа айтып кеттім ғой, өзін өзі 100%-тің үстінде қамтамасыз етіп отыр.

Бағаның жартысын делдалдар қосады

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, былтыр елдегі құс саны 45 млн-нан асты. Жыл ішінде 2,6%-ке көбейді. Ал жұмыртқа өндірісі 1%-ке артық өсті. Яғни, былтыр 4 млрд-тан аса жұмыртқа тұтынушыға жеткізілді.

Қазір дүкен сөрелеріндегі бір жұмыртқаның бағасы 70-80 теңгенің маңайында. Ал фабрикадан шыққандағы құны – 31-32 теңге. Қалған бағаны екі ортадағы делдалдар қосып отыр.

Сала маманының айтуынша, елде құстың жемі ғана өндіріледі. Басқа дәрумендер мен қоспаларды, технологиялық жабдықтарды шетелден сатып алуға тура келеді. Яғни, шетелдік валюта қымбаттаған сайын шығын да көбейе бермек.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті:

- Бағаны көтеретін делдалдар. Фабрикадан жұмыртқаны алып, бір қол, екі қолдың үстінде, бір қолға заң бойынша 15%-тен артық баға қоспауы керек. Екі қолдан өткенде 30%. Оны дүкенге барып өткізеді, олар 15% қосады. Сонда 50% көтерілетіні сол.

Былтыр 6 құс фабрикасы іске қосылды

Жалпы алдағы жылдары құс шаруашылығындағы көрсеткіш арта түспек. Биыл 9 құс фабрикасының құрылысы басталды. Ал былтыр 6 кәсіпорын іске қосылды. Бұл фабрикалар жылына 16 мың тоннаға жуық ет өндіруге қауқарлы.

Social Link

Follow Me On Social Media