Маңғыстаудың Шайыр ауылында өткен айтыста Мақсат Ақановтың мас күйінде сахнаға шыққан сәті таспаланған видео әлеуметтік желіде тарағанына бір апта болды. Алайда ақын осы уақытқа дейін халықтан кешірім сұраған жоқ. Керісінше, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтыскерді таланты үшін кешіретінін мәлімдеді.
Ендеше, қастерлі өнердің қадірін қашырған оқиға үшін кім жауап береді, кәсіби айтыс сахнасындағы жауапкершілік қай жерде басталып, қай жерде аяқталады? Ақынның айтыстан алты айға шеттетілуін «жаза емес, Ақановтың өз-өзіне келуіне берілген уақыт» деп түсіндіру ұлттың төл өнерін аяққа таптау емес пе? Ulysmedia.kz халық көкейіндегі көп сауалға жауап іздеді.
«Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды»
Шайырдың 100 жылдығына берілген астағы айтыстың видеосы әлеуметік желіде тарағанда алғашқылардың бірі болып бұл бассыздыққа өз пікірін Facebook-та ашық білдірген ақын Нұргүл Хасанова еді. Ол сол кезде мың жерден «дүлдүл» болса да Ақановтың бұл әрекеті шектен шығу, алдына «өнерін көрсем, естісем» деп келіп отырған қараша халықты сыйламау екенін жазған еді.
«Мынау не масқара, не көргенсіздік! «Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» дейді. «Вацап» арқылы келіп жатыр. «Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» деген осы. Аузына келгенін көкіп отырған адамды желкелеп, сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сонда?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Бұл – елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой», – деп жазған Хасанова.
«Айтыстан садаға кетсін»
Әлеуметтік желіде Ақановқа киелі өнердің киесіне тиді деп ызаланған жұртшылықтың қарасы қалың.
«Осы да айтыс па?! Айтыстан садаға кетсін! «Шал-шал» деп, шалынып қалғыр, былжыраған тексіздік көрдім. Қолдарыңнан келмесе, айтыста нең бар», – деп шүйлікті халық.
Ал тағы бір желі қолданушысы тәжірибелі ақынның киелі сахнаға қалайша мас күйінде шыққанына таң қалды: «Айтыс өнерінің деңгейі шарықтау шегіне жетіпті, киелі сахнаны жетесіз маскүнемдік жайлапты».
Әлеуметтік желіде Шайырдың асында болған адамдар да бұл әрекетті көріп жағасын ұстағанын жазды. «Ұятсыз екен. Біз болдық осы айтыста. Тыңдап тұрғанда халық қол соғып, көпшілігі мәз тіпті. Шайыр халқы түгел бота тайлағымен қызықтап жатыр тойды», – деді оқиғаның куәгері.
Тағы бір желі қолданушысы айтыскерге берілген қаламақысын да жазыпты: «Ұят болғанда айтатыны жоқ, удай мас болды. Өзінен басқа қара жоқ деп ойлады-ау деймін. Бұдан айтыс болмас, сонымен 700 000 алып кетті, соған қарағанда жақсы айтысты деп берді-ау».
Желі қолданушылары арасында айтыскердің бұған дейін айтыстан жеңіп алған сыйлықтарын қайтаруды талап еткендер де бар: «Аузына келгенді құсқан екен. Ішіп алған адамды сахнаға шығармау керек еді. Бар жеңіспен алған сыйлықтарын тәркілеу керек, лицензиясынан айыру керек, Айтыс сахнасынан аластау керек».
Осы орайда еске сала кетейік, Ақанов 2023 жылы «Алтын домбыра» иегері атанған.
«Одақтың еш қатысы жоқ»
Ulysmedia редакциясы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ақын Аманжол Әлтаймен осы оқиға жайлы тілдесті. Ол Ақановтың бұл айтысына одақтың еш қатысы жоғын алға тартты.
«Нақты бұл айтыс Одақтың жоспарында болмаған, Шайыр ауылында болған айтыс жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ұйымдастырылған. Біздің одақтың бұған еш қатысы жоқ. Өзім ұйымдастырған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беремін. Егер ол жерде әділқазы алқалары отырса, оны сол жерде-ақ тоқтатар еді. Жалпы, оны ондай күйде шығармас еді. Одақ Шайырдағы аста өткен кішігірім айтыстың басы-қасында болған жоқ», – деді Аманжол Әлтай.

Instagram: amanzhol_altai
Оның пікірінше, Ақановтың бір айтысы оның бүкіл айтыстағы ғұмырын, не адами болмысын сипаттай алмайды.
«Одақ оны алты айға айтыстан шектеді. Бірақ бұл шектеу оны жазалау мақсатында емес, Мақсаттың өз-өзіне келіп алуына байланысты берілген уақыт. Мен онымен осы видео тарап кеткен соң хабарластым. Менің айтпағым, Мақсат өкініп отыр», – деді Әлтай.
Мақсат Ақановтың видеосы әлеуметтік желіде халықтың ызасына тигеніне бір аптаға жуықтады. Ақын осы уақыт ішінде кешірім сұрап көпшіліктің алдына неге шықпады деген заңды сұрақ туындайды.
Ақанов халықтан халық алдына басын иіп шықпаса да Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтыскерге кешіріммен қарайтынын айтты.
«Шайырдағы жағдайды нақты зерттеп көрген жоқпын, дөрекі сөйлеп, тіл тигізген дегенді естідім. Жалпы айтарым, Мақсат – талантты жігіт. Екінің бірі суырыпсалма ақын бола алмайды. Енді мен бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Мақсат сахнада сынап не қалжыңмен болсын, біреуді қағытып сөйлеген болса, жеке өз басым кешірер едім. Сол бір таланты үшін мен оны кешірер едім. Қазақта сөз бар ғой, «Елім дейтін бала керек болса, балам дейтін ел бол» деп. Ал ағайынның пікіріне мен ештеңе дей алмаймын, әркімнің өз пікірі бар», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Ақановқа адвокат болып жатқандар жайлы
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Рахат Қосбармақ Ақановқа адвокат болып жатқандарға шүйлікті. Ол ел мүддесіне қатысты маңызды мәселелерде үнсіз қалған кей ақындар Ақановты қорғауға келгенде барынша белсенділік танытқанына таң.
«Желтоқсанда жербауырлап, жендет билікке жем болғаны бар, Қанды Қаңтарда Қазақ елін тастап қашып кеткені бар, Жаңаөзен қырғынында жақ ашпай жарбиып, жанарымен жер шұқып қалғаны бар, «әшейінде ауыз жаппас», ел мүддесін қорғауға келгенде екі ауыз өлең таппас ақынсымақтардың бәрі Ақановты жақтауға келгенде аузымен құс тістеген адвокат, шектен шыққанды ақтауға келгенде шетінен шешілген шешен, көргенсіздікті мақтауға келгенде көсілген көсем болып кетті», – деді Қосбармақ.

Facebook/Рахат Қосбармақ
Осы орайда айта кетейік, Ulysmedia ақынның әріптестеріне хабарласқанда (аты-жөнін атауға рұқсат бермеді) бірі ақтап алуға тырысса, екіншісі «Сүрінген мен бүлінгенді сөз етіп не керегі бар» деп бастарын ала қашты.
«Ортаға түсіп арашалаудың да орны бар емес пе?!»
Рахат Қосбармақ ақындардың рулық деңгейден аса алмайтынына шүйлікті.
«Одан да қазақ үшін қан жұтып, қараңғы қапастарда азап шегіп жатқан Марат Жыланбаев, Қалас Нұрпейісов, Бекзат Мақсұтхан бастаған 19 «атажұрттық», Мирболат Мырзатайұлы, Думан Мұхаметкәрім, Әйгерім Тілеужан, Асқар Сембай сияқты арыстарымызға араша түсіп, айтқыш болсаңдар, арыз-армандарыңды асыл сөздеріңе орап, алмастай өткір тілдеріңмен мына аяусыз билікке неге айтпайсыңдар?!
Әлде сендер үшін Қазақтың қамы мен Алаштың арынан – аталастың зары мен ауылдастың бағы, айдаһардай ысқырған арсыз биліктің алдарыңа тастаған наны мен айтыстағы әріптестің «әні» қымбат па?!
Жолдастың жолсыз іс-әрекетін ақтаудан гөрі жұрттың жоралы ойын, жобалы пікірін жақтауға, рулық деңгейден ұлттық дәрежеге қашан көтерілесіңдер, бұққан бастарыңды бұттарыңнан шығарып, қасқайып тұрып Ақиқатты айтып, қан жылап тұрып Шындықты жырлап, қашан оянасыңдар, қашан тірілесіңдер, қашан түрегелесіңдер, қазақтың ақындары?!», – деп қортындылады журналист.
Біздің мақсат сүрінген адамды қаралау емес. Мәселе Мақсат Ақановтың Шайырдағы әрекетінен кейін туындаған бірнеше сауалда. Өзін жылдар бойы «халқым» деп жырлап келген айтыскердің халық алдына шығып, болған жағдайға байланысты кешірім сұрамауы нені көрсетеді? Ал сахнаға шыққан сәтте ақынның жауапкершілігі қай жерде басталып, қай жерде аяқталуы керек?
Бұған қоса, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Ақановты алты айға айтыстан шеттеткенін айтып, бұл шешімді жаза емес, ақынның өз-өзіне келуіне берілген уақыт ретінде түсіндіруі де сұрақ туғызады. Егер бұл жаза емес болса, кәсіби ортада мұндай әрекетке қандай жауапкершілік қарастырылғаны және мұндай жағдайдың алдын алу тетігі қандай деген сауал ашық күйінде қалып отыр.
Сайып келгенде, мәселе бір ақынның сүрінуінде ғана емес, айтыс сахнасының әдебі, көрермен алдындағы жауапкершілік және киелі өнердің кәсіби деңгейі туралы.
Автор: Перизат Жарылқасын
Дереккөз: Ulysmedia



