ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫБіз туралы ↗
Қымыз Ақпарат.
Ақпарат. Көзқарас. Шындық.
Бөлімдер
Шындық

«Тамағы мен киімін қоқыстан тапқан»: БҚО-да мектепке бармай, қоғамнан оқшау өмір сүрген 10 жасар бала табылды

«Тамағы мен киімін қоқыстан тапқан»: БҚО-да мектепке бармай, қоғамнан оқшау өмір сүрген 10 жасар бала табылды

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты "Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы" КММ-нің 10 жасар баланың құқығын қорғау туралы талап қоюын қанағаттандырды. Бала туған сәтінен осы уақытқа дейін қоғамнан тыс өмір сүріп, тамағы мен киімін қоқыстан іздеуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство дерегінше, бала туған сәтінен бастап қоғамға жат өмір салтын ұстанған, спирттік ішімдік ішетін анасымен бірге тұрған. Анасы қараусыз қалған үйді бөгде адамдардың тұрақты жиналатын орнына айналдырған.

Сондай-ақ бала ешқашан мектепке бармағаны, оқып-жазуды білмегені, ал тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып отырғаны да анықталған.

"Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш ай мерзімге арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Одан кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада анасы осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмей, оның тағдырына немқұрайлы қарағаны да айтылады. ️Жауапкер сот отырыстарына шақырылғанына да қарамастан, оларға да келмеген.

"Сот талқылауына қатысқан психологтың қорытындысына сәйкес, баланың ауыр психологиялық жарақаты бар және анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады, өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді.

Бала балалар ауылында тұрғанды ұнататынын, себебі мұнда таза төсек және жақсы тамақ бар екенін айтқан. Осы мән-жайларды ескере отырып, сот анасының ата-ана міндеттерін қасақана және ұзақ уақыт бойы орындаудан жалтарғанын, сондай-ақ оның өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын дәлелденген деп таныды. Анасы ата-ана құқығынан айырылды. Одан баланы асырауға алимент өндіріліп, олар баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс", — делінген Жоғарғы сот таратқан хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай