Астанада өзін автосалон менеджерімін деп таныстырып, 10 адамды 600 млн теңгеге алдаған ер адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Астана соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Д.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады. Ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасады деп айыпталды.
Сот дерегінше, 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың наурызына дейін Д. көлік саудасы саласындағы тәжірибесін пайдаланып, өзін автосалон менеджері ретінде таныстырып, азаматтарға қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған.
"Көліктерді тиімді сату немесе айырбастау, сондай-ақ кейіннен төлем жасау шартымен сатып алу сылтауымен Д. жәбірленушілердің сеніміне кіріп, оларға сатып алушылардың бар екені және тиімді мәмілелер жасау мүмкіндігі туралы көрінеу жалған ақпарат берген.
Алданған жәбірленушілер қымбат көліктерін мобильді банкинг қосымшасы арқылы Д. көрсеткен тұлғаларға қайта ресімдеп берген. Көліктерге билік ету мүмкіндігіне ие болған соң, ол оларды үшінші тұлғаларға сатып, айырбастап немесе өз қарыздарын жабу үшін беріп отырған", — делінген хабарламада.
Сотта Д. сонымен қатар көлік сатып алушылардан оған тиесілі емес немесе қылмыстық жолмен алынған көлік құралдары үшін төлем ретінде ақша алғаны айтылды.
Салдарынан 10 жәбірленушіге жалпы сомасы 600 млн теңгеден асатын аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілген. Бұл ретте сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Сот Д.-ны бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



