ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫБіз туралы ↗
Қымыз Ақпарат.
Ақпарат. Көзқарас. Шындық.
Бөлімдер
Қоғам

«Уақыт келді, жүйені өзгертетін кез»: Ләйла Сұлтанқызы әскердегі жағдай туралы айтты

«Уақыт келді, жүйені өзгертетін кез»: Ләйла Сұлтанқызы әскердегі жағдай туралы айтты

Тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы екі ұлдың анасы ретінде олардың тәрбиесі мен әскерге бару мәселесіне қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, мансап пен отбасын қатар алып жүру оңай болмаған. Соған қарамастан, жұбайы Қайрат екеуі ұлдарының ең алдымен жақсы адам болып өсуіне мән берген.

"Карьера мен отбасын қатар алып жүріп, олардың қасында әр сәт, әр минутта болуға мүмкіндік бола бермеді. Әкелері көп сөзге жоқ, еркелете бермейтін, қатал азамат болды. Бірақ Қайрекең екеуміз үшін ұлдарымыздың ең алдымен адам болып өсуі маңызды еді", – деп жазды ол.

Ләйла Сұлтанқызы отбасында ұлдарымен оқу, алғашқы махаббат, достар және азаматтық борыш туралы жиі әңгімелескенін айтты. Жолдасы өмірден өткеннен кейін де бұл әңгімелер жалғасын тапқан.

Тележүргізуші қазіргі жастардың әскерге баруға көзқарасына да тоқталды. Оның пікірінше, бүгінде жастардың көбі "әскерге барасың ба?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап береді. Сондықтан ата-аналардың алаңын азайтып, әскери қызметке деген сенімді арттыру үшін жүйені өзгерту қажет деп есептейді.

"Уақыт келді. Жүйені өзгертетін уақытты айтып отырмын. Адам өлмейтіндей, айдың-күннің аманында ауыр жарақат алмайтындай, азаматтардан айырылмайтындай", – деді ол.

Сондай-ақ Ләйла Сұлтанқызы әскерге бөлінген қаражаттың тиісті жеріне жетуі, командирлердің адамгершілігі және әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру мәселесіне назар аударды.

«Нағыз азаматтық – тек форма киюмен немесе бұйрық орындаумен өлшенбейді", – деп жазды тележүргізуші.

Ол әр ананың басты тілегі – Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған баласының үйіне аман-есен оралуы екенін жеткізді.

Ләйлә Сұлтанқызы кім?

Ләйлә Сұлтанқызы — қазақстандық журналист, тележүргізуші, продюсер және медиа-менеджер. Ол Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық журналист мамандығын меңгерген, кейін Geneva Business School-да халықаралық менеджмент бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1997 жылы "Шаһар" телерадиокомпаниясында бастап, кейін продюсерлік және басшылық қызметтер атқарды. HIT TV телеарнасын басқарды, "Қазақстан" телерадиокорпорациясында продюсер болды. 2012-2017 жылдары балаларға арналған "Балапан" телеарнасының директоры қызметін атқарды. Көрерменге "Әйел бақыты" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі ретінде де кеңінен танылды.

Ләйлә Сұлтанқызы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сондай-ақ "Мәдениет саласының үздігі" атағына ие болған. 2023 жылы Астана қаласы мәслихатының VIII сайланым депутаты болып сайланған және заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі.

Ол қайырымдылық бағытында да жұмыс істейді: "Мариям Қазақстан" қорының қамқоршылық кеңесін басқарады.

Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова