Танымал актер Алмат Сақатов отбасындағы ақшаны кім ұстауы керек деген сұраққа әзіл аралас жауап берді. Өнер иесі әйелі 800 мың теңгеге аяқ киім алғанын, ал өзі автобуспен қатынайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Актер жариялаған видеода отбасылық қаржының әйелінің қолында болғанын дұрыс көретінін жеткізді. Оның айтуынша, еңбекақысы түсетін банк картасын жұбайына беріп қойған.
"Мен, мысалы, әйеліме карточкамды беріп қойғам. Жұмыс істеймін, ақша түскен кезде сол карточкаға түседі ғой. Әйелімнің қолында негізі. Ол машинамен жүреді, бензинін құю керек. Маған ол ақша не үшін керек? Мен автобуспен жүрем. Автобуспен жақсы, жеңіл, көп ақшаң кетпейді. Барып қайтқаныңа 300 теңге кетеді, болды", – деді ол.
Сақатов жұбайының күнделікті шығынын да тізіп шықты. Әйелінің асқазаны ауыратындықтан асханадан тамақ ішпейтінін, мейрамханаға баратынын айтты. Құрбыларымен караокеге барған кезде де қалтасында банк картасы болса, ақша жағынан қысылмайтынын жеткізді.
Өнер иесінің сөзінше, картадан жұмсалған қаражат туралы хабарламалар өзіне келіп тұрады. Сондықтан жұбайының қанша ақша жұмсағанын көріп отырады.
"Кеше аяқ киім сатып алды 800 мың теңгеге. Карточкадан көріп отырмын, бәрі ашық. Күшті ғой, әйелдің қолында болған дұрыс ақша негізі. "Жау аяғына қарайды" дейді ғой, аяғына дұрыс етік киіп жүргені жақсы ғой", – деді актер.
Ол енесінің туған күніне де осы картадан 200 мың теңге сыйлық ретінде аударылғанын айтты. Мұндай шығындардың бәрі өзіне көрініп тұратынын әзілмен жеткізді.
Ал видеоны аяқтар тұста Сақатов жаңбыр астында қалып, суық тигізіп алғанын әңгімеледі. Дәріханадан бес мың теңгеге дәрі алу қажет болғанда, әйеліне хабарласқан.
"Әйелім айтты: "Дәріхананың нөмірін айт, мен соған салып жіберейін", – деп. Салып жіберді. Негізі әйелде болған жақсы ғой", – деді Алмат Сақатов.
Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Алмат Сақатовтың жеке өмірі туралы айтқан әңгімесін жариялаған еді. Актер танымал бола бастаған шағында отбасы алдындағы жауапкершілікті кейде екінші орынға қойғанын, кейбір әрекеттері жұбайының көңіліне тигенін мойындаған.
Алмат Сақатов кім?
Алмат Сақатов – қазақстандық театр және кино актері, әзіл-сықақ жанры арқылы көпшілікке танылған өнер иесі. Ол Шығыс Қазақстандағы Марқакөл өңірінің тумасы. Әкесі Марат Сақатов – белгілі режиссер әрі актер, анасы да театрда қызмет еткен. Өнерлі отбасында өскен Алмат әкесінің жолын жалғастырып, сахнаға бет бұрған.
Актер «Бауыржан шоу» театрының құрамында өнер көрсетіп, көрерменге кеңінен танылды. Кейін кино мен телехикаяларға түсіп, комедиялық және драмалық рөлдерді сомдады. Телевизияда да еңбек етіп, бір кезеңде "Таңшолпан" бағдарламасын жүргізген. Сондай-ақ Алматыда актерлерді дайындайтын әзіл студиясын ашып, жас өнерпаздармен жұмыс істеген.
Алмат Сақатов отбасылы, жұбайымен 30 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді. Балалары мен немерелері бар. Өнер иесі сұхбаттарында шығармашылық жолы, ата-анасы және отбасылық өмірі туралы әңгімелеп, әлеуметтік желіде қоғамдағы түрлі мәселеге қатысты пікірін бөліседі.
Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова



