11-14 наурыз аралығында елімізде « Мигрант » республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 10 мыңға жуық фактісі тіркелді. Мәселен, 4,5 мың шетелдік азамат елде болу мерзімін бұзған. 2,5 мыңы заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Оның ішінде 60 заңсыз такси жүргізушісі бар. ІІМ бұған дейін жүргізілген арнайы операция кезінде 700-ге жуық заңсыз такси жүргізушісі анықталғанын да мәлімдеді. 1240 шетелдік сот шешімімен елден шығарылып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
«Заң бұзушылардың басым бөлігі жақын шет мемлекеттен келгендер. Бірақ одан бөлек Бангладеш, Египет, Италия, Нигерия және Мадагаскар азаматтары да анықталды. Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды», деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
Ал 2200 тұлға шетелдіктердің келгенін хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 12 млн теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 500 қазақстандық жұмыс беруші шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 33 млн теңге айыппұл арқалады. Олардың ішінде бес тұлға осындай әрекетті бұрын да жасағаны үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«Мысалы, Астана қаласында бір университет жатақханасында комендант 56 еңбек мигрантына студент ретінде уақытша тұруға рұқсат берген. Алматы облысында нотариустың көмекшісі шетелдіктерді «жоқ» мекенжайларға тіркеу үшін жалған сенімхаттар рәсімдеген. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Шетелдіктердің келуі туралы хабарлама беру, жеке сәйкестендіру нөмірін алу, дакторегистрацияны өту және уақытша тұруға рұқсат рәсімдеу үшін мемлекет төлем алмайтынын айта кеткен жөн», деді Аслан Аталықов.