Жапонияға ресми сапары аясында премьер-министрінің орынбасары — мыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияның мыртқы істер министрі Такеши Иваямен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар биік және жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандырудың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды тереңдетудің негізгі мәселелерін талқылады. Министрлер қысқа тарихи кезеңде Қазақстан мен Жапония кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне қол жеткізгенін атап өтті.
Осы ширек ғасыр ішінде біз сапалы саяси диалог пен өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты орнатып, сондай-ақ берік мәдени-гуманитарлық байланыстарды қалыптастыра алдық, — деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Экономикалық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Жапония Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіреді, 1993 жылдан бері инвестициялардың жалпы көлемі 8 млрд АҚШ долларын құрады. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 2 млрд АҚШ долларына жетті, ал Қазақстанда «Sumitomo», «Marubeni», «Toshiba», «Mitsui» және басқаларын қоса алғанда 60-қа жуық жапондық компания табысты жұмыс істеуде.
Осыған байланысты қазақ тарапы жапондық компанияларды өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.
Кездесу барысында бейбіт атомды пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері жеке қарастырылды. Тараптар ядролық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ядролық энергетикада білікті кадрлар даярлау саласында өзара іс-қимыл жасау уағдаластығына қол жеткізді.
Сыртқы істер министрлері өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру ниеттерін растады.
М.Нұртілеу ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң ретінде «Орталық Азия + Жапония» диалогын одан әрі ілгерілетудің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы Қазақстан қарарын қолдағаны және тең авторы болғаны үшін жапон тарапына алғысын білдірді.
Сонымен қатар сұхбаттастар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға серпін беруге деген өзара ниетін растады. Министр Жапония тарапына Осакада ЭКСПО-2025 көрмесін сәтті өткізуді тілеп, Қазақстан ауқымды іс-шараға жоғары деңгейде белсенді қатысуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Министр Т.Ивая жапон тарапының Токионың маңызды стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын айқындайтын Қазақстан мен Жапонияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарына қол қойылды.