What are you looking for?

Алматыда Nauryz Fashion Day сән көрсетілімі өтті

18.03.2025

Алматыдағы Арбатта Nauryz Fashion Day өтті, деп хабарлайды 24kz.

Сән көрсетілімі Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық киімдер күніне арналған. Қызыл кілеммен жүріп өткен модельдердің арасында театр әртістері, «Мисс Қазақстан» жобасының жеңімпаздары және «Әлемді таңқалдырған әжелер» жобасының өкілдері бар.

Nauryz Fashion Day сән көрсетілімін «Әлемді таңқалдырған әжелер» жобасының мүшелері ашты. Қызыл кілемге шыққан сәнқой апалар отандық дизайнердің алтын түсті топтамасын көрсетті. Олар бұған дейін Италияның Милан қаласында өткен сән апталығына қатысқан. Енді Нью-Йорк пен Париждегі Fashion Week-те ұлттық киімді таныстырып қайтпақшы.

Гүлсім Таңатова, «Әлемді таңқалдырған әжелер» жобасының мүшесі:

- Біз мына киіммен көшеде жүре аламыз, қонаққа да бара аламыз. Өте ыңғайлы, адамдарға біздің үлгіміз қатты ұнайды. Мұнда ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ою түрлері бар. Дәл осы үлгі «Айғайқұм» топтамасынана жатады. Күндік деп аталатын бас киімді ертеде әйелдер киген.

Nauryz Fashion Day сән көрсетілімін «Мисс Қазақстан» жобасының жеңімпаздары жалғастырды. Одан бөлек, Алатау дәстүрлі өнер театрының әртістері, қуыршақ театры, Алматы музейінің қызметкерлері қызыл кілеммен жүріп өтті. Ұлттық киім киген қала қонақтары да подиумға шығып өздерін бір сәт модель образында байқап көрді.

Кәмшат Жиенәлиева, Алматы қаласы тарихы музейінің жетекшісі:

- Бұл шараның мақсаты – ұлттық киімдерімізді насихаттау, дәріптеу. Себебі жылдан жылға ұлттық киімімізге деген қызығушылық артып келеді, оны барлық жерде көре аламыз. Табиғатымыздан шабыттанған дүниелер, элементтер киімдерде көрсетілген. Сонымен қатар тарихи орындар, мысалы Әуенді бархан бәріміз білетін Алтын Емел паркінен алынған элементтер киімдерде көрсетіледі.

Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Мәдени, танымдық жобалар 25 наурызға дейін өтеді. Нақтырақ айтсақ, өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттер, NauryzFest ұйымдастырылады. Сондай-ақ 5000 адам Абайдың әндерін хормен айтып рекорд орнатуға ниетті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Social Link

Follow Me On Social Media