Бүгінде елімізде бұл бағытта 6 университет жұмыс істейді.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проекторы Ершат Оңғар журналистермен басқосу барысында Қазақстанда дін мамандарын даярлау ісіне мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келе жатқанын хабарлады.
Қазақстанда дін мамандары 6 университетте даярланатын болса, олардың басым және негізгі бөлігі Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде білім алады. 224-2025 оқу жылында дін мамандарын даярлауға 300-ден мемлекеттік грант бөлінсе, олардың 298-ін иеленгендер Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатыр.
"Бүгінде университет бакалавриат, магистратура, докторантура білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Университетте исламтану, дінтану, теология, аударма ісі, шетел филологиясы бағыттары бойынша оқу ісі жолға қойылған. Олардың ішінде исламтануға басымдық береміз, ол осы мамандық бойынша білім алатын студенттердің санынан да айқын көрінеді", – деді Ершат Оңғар.
Университет ұстазының айтуынша, қазір университетте білім алатын студенттердің жалпы саны 2400-ден астам болса, олардың 1500-ден астамы исламтану бағытында оқиды.

Оқи отырыңыз: Ершат Ағыбайұлы ҚМДБ төрағасының орынбасары қызметінен кетті
Статистикалық деректер жылдан-жылға діни университетте оқығысы келетін студенттер санының өсіп келе жатқанын да көрсетеді. Мәселен, 2018-2019 оқу жылында университет бакалавриатына 442 студент қабылданса, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 823-ке жеткен.
2004-2024 жылдар аралығында Нұр-Мүбарак университетінен 2543 адам түлеп ұшса, олардың 83 пайызы жұмыспен қамтылған және 80 пайызы өз мамандығы бойынша қызмет етеді.
"Біздің түлектеріміздің 61 пайызы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етеді. Тағы 19 пайызы мемлекеттік мекемелерде, атап айтқанда қылмыстық атқару жүйесінің департаментінде, дін басқармаларында жұмыс істесе, 20 пайызы басқа салада еңбек етіп жүр. Олардың қатарында жеке секторда, халықаралық қорларда, тіл оқыту орталықтарында, қызмет ететіндер бар", – деп нақтылады университет проректоры.