0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Ресейге салынған санкция 30 мыңға жуықтады. Осылайша көрші ел әлем бойынша ең көп санкция салынған мемлекеттердің ішінде бірінші орынға шықты. Бұл доллардың өсіп, рубльдың құлдырауына әсер еткен. Сарапшылардың мәліметінше, осы аптада базалық мөлшерлеме тағы көтерілуі мүмкін. Еуропалық Одақ экономикалық шектеулерді күшейткен соң, елді қымбатшылық жайлады. Толығырақ Индира Бегайдар тарқатады.
Индира Бегайдар, тілші:
Былтыр Ресейдің орталық банкі бір жылда базалық мөлшерлемені бес рет көтерді. Мұндай жағдай соңғы отыз жылда бірінші ріт тіркелді дейді мамандар. Мұнай экспортының қысқаруынан бюджет тапшылығы да 3.5 триллион рубльге жуықтаған.
Ресейдегі банктердің 95 пайызы қазір санкцияның астында қалды. Тағы 13 ресейлік банк экономикалық шектеудің 16-пакеті аясында SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратылмақ. 2022 жылдан бері елде master card және visa банк карталары істемейді. Сондықтан көптеген мемлекеттермен сауда –саттық тоқтады.
Александр Мельников, экономика ғылымдарының кандидаты:
Экономика саласына қатысты үлкен жұмыс атқарылуы тиіс. Жаңғыруды қажет ететін бағдарламалар көп. Себебі тығырықтан шығудың, рубльды ұстап тұрудың жолдарын қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта ұлттық валюта тағы құлдырауы мүмкін.
Ресейге қарсы жаңа санкция енгізілсе, мұнай тасымалына біржолата шектеу қойылмақ. Үндістанның ең ірі мұнай өңдеушісі Үнді мұнай корпорациясы Ресей мұнайына балама іздеу қажеттілігін мәлімдеді. Енді Үндістан ОПЕК, АҚШ, Гайана және Бразилиядан мұнай тасымалын арттырмақ. 2024 жылы Ресейден бұл мемлекетке жеткізілетін мұнай көлемі 45 пайызға жеткен еді. Экономиканың құлдырауы елде жұмыс күшінің азаюымен де байланысты. Ресейде ер адамдардың саны азайып, еңбек мигранттарына шектеу күшейді.
Равшан Ахмедов, еңбек мигранты:
Бұрын жұмыс істеуге рұқсат алу оңай болатын. Қазір тексеріс көп, жұмыс патенті қымбат, айлық аз. Сондықтан жұмыс істейтін адам жоқ.
Санкциядан көлік, әуе, медицина және құрылыс салалары қатты зардап шекті. Коммуналдық төлемдердің бағасы аспандап кетті, ірі банктер уақытша ипотека беруін тоқтатты. Сондықтан пәтерді жалға беру құны қымбаттады. Мәселен, Мәскеудің орталығында 18 м2 пәтерді жалға алу құны 100 мың рубль, яғни 612 мың теңгеге жуық. Ал 86 м2 бір бөлмелі пәтердің бір айлық бағасы 3 миллион теңгеден асады.
Евгения Симонова, қала тұрғыны:
Бүгінгі күні ипотекаға үй алу мүмкін емес. Алған күннің өзінде пайызы тым жоғары, қарапайым адамның қалтасы көтермейді. Сондықтан Ресей азаматтарының басым бөлігі 40 жасқа дейін пәтер жалдауға мәжбүр. Өзімнің үш балам бар, бірақ басымда баспанам жоқ.
2022 жылдан бері 5000-нан астам халықаралық компания Ресеймен жұмыс істеуден бас тартқан. Ірі сауда серіктестермен де логистика бұзылды. Сондықтан экономикалық шектеулер жеңілдесе де, санкцияның салдарын жою үшін 10 жылдай уақыт кетеді дейді мамандар.
Индира Бегайдар