Соңғы жылдары ғалымдардың, зерттеушілердің табанды еңбегінің нәтижесінде шетел архивтерінде сақталған қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген деректер елге жеткізілді. Әйелдер мерекесі қарсаңында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві «Қазақ дала мәдениетіндегі әйелдердің мәртебесі» тақырыбымен дөңгелек үстел өткізіп, құжаттардың бір парасымен көрме аясында ғылыми ортаға таныстырды.
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві мамандары тарапынан 2022-2024 жылдарда шетел архивтерінен 73 – кино, 41 – фоно, 944 бірлік фотоқұжаттар әкелінген. Құжаттардың дені Мәскеу маңындағы Краснодар архиві, Армения, Беларус елінен, Монғолиядан жеткен. Германияның Гамбург қаласындағы кітапханада сақталған фотограф С.Дудиннің «Семей экспедициясына» қатысты суреттері көрменің мазмұнын аша түсті.
Фотоқұжаттар сол кезеңдегі қазақ даласындағы тұрмыс-тіршілікті, әйелдер өмірінен мол мағұлмат береді. Директор Ілияс Ысқақовтың айтуынша, фотоматериалдар архив қорын толықтырып қана қоймай, жаңа зерттеулерге жол ашады.
«XIX-ХХ ғасырлардағы құжаттарға сүйене отырып, қазақ қоғамында, әйелдердің алатын орны ерекше екенін және де ата-бабаларымыз қыз балаға жоғары құрметпен қарағанын, мәртебесін жоғары қойғанын көрмедегі әрбір фотоқұжат айғақтайды. Қазақ әйелдері бала тәрбиесімен қатар шаруашылыққа да ие болған. Әр суреттің мазмұнына қарап, әйелдің қазақ тұрмысындағы жауапкершілігінің жоғары болғанын көреміз. Олар ерлермен тең атқа қонып, көшпелі өмірдің сын-сағатында мойымай, ерлікпен пара-пар іс атқарған» дейді Ілияс Башарұлы. Атап өткендей, архив мамандары шетел архивтерімен жұмысты жалғастыра отырып, ел тарихына қатысты қорлармен айналасып жатыр. Соңғы уақыттың өзінде Германия, Монғолия елдерінің әрқайсынан 100 шақты материал әлінген.
«Архив құжаттарынсыз гуманитарлық немесе жаратылыстану-ғылыми білімді тарихи тұрғыдан шынайы бағалай алмаймыз. Аудиовизуалды мұрамызды сақтау арқылы ғана ата-бабаларымыздан қалған мұраны, мәдени кодымызды сақтаймыз. Қазақтың мәдени коды ұлттың генотүрін анықтайтын құрылым іспетті әрі рухани мұра, салт-дәстүр, тіл, отбасы, шаруашылық жүйесі сияқты маңызды тармақтардан тұрады. Көшпелілер өркениетінің табиғатты пайдалануда мың жылдық тарихы бар. Олар табиғатпен үндестікте өмір сүрді. Көптеген еуропалық зерттеушілер көшпелі халықтарды адамзат дамуының «артта қалған әрі жабық тармағына» жатқызып келгені белгілі. Алайда, экологиялық апаттың алдында тұрған кезеңде, дүниетаным біртіндеп өзгеріп, көшпелі халықтар жинақтаған нәзік экожүйелердегі өмір тәжірибесі әлемде сұранысқа ие бола бастады. Бүгінгі таңда, көшпелі халықтар әлемі «terra incognita» болып табылады» дейді архив директорының орынбасары Сәуле Сатаева. Сондықтан Ұлы далада болған ежелгі өркениеттерден қалған бай мұраны қастерлеу, архив құжаттары арқылы ғылыми мәнін ашып, зерттеушілерді, ғалымдарды, педагогтар мен киноқұжатшыларды жақындастыра отырып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерделеуге және дәріптеуге бірлесе кіріскеніміз абзал.
Көрмеге қойылған фотоқұжаттардың дені 19-ғасырдың соңы мен 20- ғасырдың басында Ақтөбе облысы Темір уезі, Павлодар облысы, Семей, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі әйелдердің тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Фотоқұжаттар қазақ әйелінің қашан да бет-жүзі жарқын, ажары ашық жүргенін, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне сай орамал салу, тақия, бөрік кию, әшекей тағу дәстүрі қалыптасқанын және киім-киісі, жүріс-тұрысы мен тұрмыстық, салттық бұйымдарды қолданудың әдебі мен ережесін сақтау арқылы көшпелі тұрмыстың өркениеттік қалпын сақтап отырғанын айғақтайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Лейла Ахметова атап өткендей, қазақ әйелдерінің тұрмыстағы бет-бейнесі көбіне тарих тасасында қалып келді. Қазақ халқының басынан өткен нәубет жылдарда ер адамдардың жүгін тең көтерген әйелдер бала өсіріп, от басындағы ауыр тағдырды мойнымен көтере білді. Архив мамандары ұйымдастырып отырған көрменің тәуелсіз ел тарихындағы маңызы жоғары. Ендігі кезекте мұндай көрмелерді еліміздің барлық өңірлерінде өткізуді дәстүрге айналдырған абзал. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдердің мәртебесі қашан да биік. Біз көп жағдайда қоғамда белсенді, қайраткер тұлғаларды насихаттап, қарапайым қазақ әйелінің өмірін назар аудара бермейміз. Көрмеге қойылған әрбір фотоқұжаттан бір әйел ғана емес, тұтастай ұлттың сол кезеңде бастан кешкен тағдыр-талайына қанықтық. Қазақ әйелінің ел басына төнген нәубет жылдарда ұлтты сақтау, ұлтты ұйыстыру, аштықтан аман алып қалуда ерлікке пара-пар ісін әрқашан дәріптеп отыруға тиіспіз» дейді тарихшы.
Іс-шара аясында 1927 жылғы «Советский Казахстан» киножурналы көрсетілді. Фильмге сол замандағы қазақ әйелдерінің келбеті мен ұжымдастыру кезеңіндегі тұрмыс-тіршілігі, қазақ ауылындағы социалистік қайта құру үрдісі арқау болған. Дөңгелек үстелге қатысқан Ақмарал Ысқақ, Гүлнар Елеуқұлова, Евгения Өтешева, Гауhар Бисенғалиева, Динара Асанова, Джулия Ғани, Назым Адамбай сынды белгілі ғалымдар, кинематографистер, суретшілер, музей мамандары көрме, фильмге туралы пікірлерін білдіріп, өз еңбектеріне арқау әйел тағдыры, болмысына қатысты зерттеулерімен бөлісті. Жазушы да, суретші де, ғалым да ұлт тағдырына қатысты деректерді мұрағат қорларынан іздейтіні анық. Осы орайда фотоқұжаттар көрмесі қазақ әйелдерінің тұрмысын ғана емес, ата-бабаларымыз өмір сүрген тұтастай дала өркениетін паш етіп тұрғандай.
АЛМАТЫ