What are you looking for?

Бокстан әлем чемпионы Аида Әбікееваның ағасы: Бес қарындасым бар, бүкіл қазақ еліне жанкүйермін

20.03.2025

Бокстан әлем чемпионы Аида Әбікееваның ағасы Аслан Қоразбаевтың қарындасына қолдау көрсетіп, жеңіске жеткен сәттегі ерекше қуанғаны әлеуметтік желіде тез таралып кетті. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі Аслан мырзамен тілдескен.

Аслан Қоразбаев – үйдегі жеті баланың үлкені. Ол қарындасы Аидаға қолдау көрсету үшін шетелдегі жарыстардың барлығына барған.

"Үйде жетеуміз. Тұңғышы – өзім, менен кейін бес қарындасым мен кенже інім бар. Аида – төртінші қарындасым. Ол кішкентайынан спортқа қызығады. Боксқа ден қойғалы, өзім үнемі қасындамын. Қарындасым шетелде қандай жарысқа барса, қолдау үшін еріп барамын. Аиданың ғана емес, бүкіл қазақ елінің жанкүйерімін.

Бұл Аида бақ сынаған үшінші әлем чемпионаты. 2022 жылы Стамбұлдағы біріншілікке анам мен әйелімді ертіп апардым. Түркиядағы әлемдік сында Аида танымал боксшы Иман Хелифке алғашқы кездесуде есе жіберді. 2023 жылы Үндістанда өткен әлем чемпионатында тағы да бірінші айналымда сүрініп, болашақ чемпион қытайлық қыздан жеңілді. Енді, міне, сәтін салып, чемпион болып оралды. Қарындасым отбасымызды ғана емес, барша қазақ елін қуантты", — дейді Аслан.

Ағасының айтуынша, Аиданың бокстан өзге спорт түрлеріне де қызығушылығы басым. Әсіресе, футбол десе ішкен асын жерге қояды.

"Шахтер" командасында ойнады. Футболды қатты жақсы көреді. Жігіттермен де, қыздармен де ойнай береді. Өзі өте ұстамды әрі салқынқанды. Спортшыға мұндай қасиеттер де керек шығар. Қарағандыда заң факультетін бітірген. Әзірге, Аиданың салмағы Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Салмақ ауыстыру ойда бар, бірақ бас бапкер Елдос Сайдалин ағайымызбен ақылдасып, кейін көре жатармыз", — деді Аслан Қоразбаев.

Айта кетелік, Аида Әбікеева әйелдер боксынан Қарағандыдан шыққан тұңғыш әлем чемпионы.

Social Link

Follow Me On Social Media