What are you looking for?

Тасқынға тосқын: Атырау облысында 590 шақырым бөгет соғылды

20.03.2025

Атырау облысы көктемгі тасқыннан қорғану мақсатында 590 шақырым бөгет соғылып, елді мекендер бақылауға алынды, деп хабарлайды 24kz.

Облыс аумағында тасқынның көлемі негізінен Жайық, Ойыл және Жем өзендерінің жоғарғы бассейндеріндегі қар мен ылғалдың қорына байланысты. Сондықтан өзенді жағалай орналасқан ауылдарды ерекше бақылауға алу қажет. Былтыр арнасынан асқан Жайық өзені Индер, Махамбет аудандарына қарасты 30-ға тарта елді мекенді жағалап ағады. Жайық бойын жайлаған ауылдарды аралап, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан тілшімізді тыңдайық.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау облысы бойынша 37 елді мекен су басу қаупі жоғары аймақта орналасқан. Оның 29-ы осы Жайық өзенінің бойында. Бүгінде ауылдарды қоршай 590 шақырым бөгет соғылды.

Атырау облысына Жайық өзені Индер ауданы арқылы енеді. Былтырғы жойқын тасқын кезінде өзен арнасы 10 метрден асқан еді. Осыған орай жергілікті билік тасқынға дайындықты жыл бойы жүргізді. Күні бүгін 9 округте 34 шақырым бөгет тұрғызылған.

Серік Нысанбаев, Индер ауданының әкімі:

- Ана жылғы келген судың деңгейіне сәйкес сол 34 км-нің 25 км-ін нығайту қажет деп есептеп, қазіргі бөгеттердің биіктігі 12 метрге жуық Орал облысының әкімдіктерімен байланысып күнделікті жіберіліп, отырған су деңгейін бақылауда ұстап отырмыз. Бүгінгі таңда секундына 201 текше метр су жіберіліп отыр.

Бөгет тұрғызу жұмыстары Махамбет ауданы бойынша 3 учаскеде жүргізіліп келеді. Қазір негізгі жұмыстар аяқталған

Арман Аманжолұлы, учаске басшысы:

- Бала Ораз, Кеңөріс елді мекендеріндегі бөгет соғу жұмыстарын бітірдік. Қазір міне, Атамбаев ауылында бөгет соғып жатырмыз. Қазір жасалған жұмыс 600 метрдей жасалды. Бұйырса, осы айдың аяғы, сәуірдің басында бітіреміз.

Былтырғы тасқын кезінде осы Махамбет ауданында 4 ауылды су қоршап, жолдар бұзылған болатын. Осыған орай аудан көлеміндегі бұрынғы 116 шақырым бөгетке қосымша тағы 38 шақырым дамбы соғылды.

Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:

- Былтыр Талдыкөл, Сарайшық, Жалғансай елді мекендеріне қиындық келтірген болса, биыл ол елді мекендердің жаға бекіту жұмыстары толық аяқталды. Қазір ауданымызда 21 арнаулы техника бар, оның сыртында мердігер мекемелердің техникалары жұмыс істеуде. 350 мың келілік қапшық қорымызда бар. Оған қосымша қайық, қажетті мотопомпалар да алынып, қазіргі уақытта дайын.

Облыс аумағында «Қазгидромет» мекемесіне қарасты 15 гидробекет жұмыс істейді. Биыл Жайық өзені бойынан тағы 2 осындай қондырғы орнатылатын болады. Түскен ақпараттар аудандық және облыстық штабқа жіберіледі.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Social Link

Follow Me On Social Media