What are you looking for?

Ержігіттің ер-тоқымы

21.03.2025

Ертіс бойында ежелден жалғасқан ата-баба өнерін заманға сай өркендетіп, табыс көзіне айналдырған Ержігіт Тоқтарұлы есімді жігіт ағасы тұрады. Атәбзелдерін жасаудың хас шебері. Ержігіттің қолынан шыққан ер-тоқым еліміз тұрмақ, кейбір шет мемлекеттерге тарап кеткен.

Ат әбзелдерін жасау – Ержігіт Тоқтарұлының күнделікті кәсібі. Ол ата-бабадан қалған ұлық өнерді дамытып қана қоймай, оны үлкен кәсіпке айналдырып отырған жан. Әрі мұнысын әлеуметтік желі арқылы таратып, еліміздің түкпір-түкпірінен ізбасарлар дайындап жатыр. Бүгінде шебердің Тик-Токтағы парақшасына 10 мыңнан астам адам жазылған. Айтуынша, жазылушыларының дені отандас­тарымыз. Бұған қоса, ТМД мен Еуропа ел­дерінің азаматтары да оның әр салған бейнежазбасын, онлайн эфирлерін қалт жібермейді. Қазақ­тың ат әбзелдерін жасау, соның ішінде ер шабу, ер-тоқым құрастыру көбіне таңсық дүние. Әлеужеліні жағалаған жұрт Ер­жігіттің өнері арқылы қазақтың қолөнерімен осылайша кеңінен танысып жатыр.

«Мені адамдар ер-тоқым жасайтын шебер ретінде көбірек таниды. Себебі қолымнан шыққан ер-тоқым мен ноқта, өзге де ат­әбзелдері еліміздің барлық дерлік өңірінде бар. Арнайы тапсырыс­пен жасатып, шетелдік қонақтарға сыйға тартқандар, халықаралық көрмелерде таныстырғандар да кездеседі. Қазақта ертеде ердің 35 түрі болған деседі. Бірақ оның көбі бүгінде қолданылмайды. Біздің Арқа жерінде кеңінен таралған «үйсін ер» («құранды ер») өте қолайлы. Оны салт атпен сапарға шыққанда, көкпарға шапқанда да пайдаланады. Алдыңғы бөлігіне арқан байлап, өзге де заттарды іліп қоюға ыңғайлы. Бұдан бөлек, құсмойын, арғын, керей, найман, айбас, т.б. ер-тоқым түрлері кездеседі. Арғын ер мен найман ер ұқсас, тек найман ердің көлемі үлкендеу. Ертеде соңғы аталған екеуін жауынгерлік ер деп те атаған. Себебі алғы қасы биік, ат үстіндегі адамның кіндіктен төменгі жағын садақ оғынан қорғаған. Ердің бүркітшілер мен саятшыларға арналған түрлері де бар. Мысалы, мынау дайындап жатқан ердің біріне бүркіттің балдағын орналастыруға болады. Алғы қасы соған лайықталып жасалды», деп әңгімесін бастады шебер.

пр

Ержігіт Тоқтарұлының айтуынша, ердің қаңқасы негізі 5 бөлшектен тұрады: алғы қас, арт­қы қас, екі жақ қапталы, белағаш. Кейбірі ерді тұтастай ша­бады. Ал енді біреулер бестен де көп бөліктен құрайды. Көп шеберлер қаптал ағаштарын өгіз терісімен көндейді. Өгіз тері­сінің қалыңдығы шамамен 3,5-4 мм. Әрі мұндай өңделген терінің бағасы да қымбат. Көп шеберлер тоқым мен белағашқа жұқа теріні пайдаланады. Оның сапасы мен құны соған сәйкес төмен бағаланады. Былғарыны еліміздегі тері өңдеу зауыттарынан, Беларусь елінен алдырып отырғанын жеткізді. Түркия елінің шикізаты сапалы болғанымен, бағасы қым­баттау. Сондықтан ерді кәсіп көзіне айналдырған шеберлер көбіне тапсырыс берушінің талап-тілегіне сай материалдарды пайдаланады. Жылқы шаруашылығын ұстайтындар, ат спортының әуес­қойлары бүгінде «шаруа еріне» көбірек тапсырыс беретін көрінеді. Ол жайдақтау, қазақ еріндей емес, алдыңғы қасы төмен келеді.

«Ердің қаңқасы қайың аға­шынан жасалады. Оны кейде өзім дайындаймын, кейде ағаш шеберлері­не шаптырып ала саламын. Ер-тоқымның аса ыңғайлы болуы, сән-салтанатының жарасуы зергерлік және тігіншілік өнердің өзара біте қайнасып жа­туын талап етеді. Бұл өнер түрлерін кеңінен меңгеріп алғанмын. Атам Баймұхамет кезінде ұжымшардың темір ұстасы болса, әкем Тоқтар – ағаш шебері. Бұл өнер маған да қонды. Алғаш ағаштан домбыра шабуды үйрендім. Ал ер-тоқым құрастырумен 10 жыл бойы шұ­ғыл­данып келемін. Есте қалған тапсырыстың бірі – Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық торқалы тойына ар­найы жасаған, сән-салтанаты келіскен ер-тоқым. Оған меценаттар тапсырыс беріп, кейін музейге тарту етті. Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған тойда Қызылорда өңірі де қымбат материалдармен зерленген ер жасатты. Бұ­лардың барлығы айбас ерлер еді», деп жалғастырды әңгімесін шебер.

Айтуынша, оның қолынан шыққан ер-тоқымның ең арзаны – 800 мың теңге. Ең жоғары бағаланғаны 2,5 млн теңге болыпты. Қымбат тапсырыстар екі-үш жылда бір түсіп тұрады. Ердің біреуін жасауға шамамен бір-бір жарым айдай уақыт жұмсап, тапсырыс берушінің барлық қалауын ескеруге тырысады екен.

ап

«Негізгі тапсырыс берушілер – еліміздің оңтүстік өңірлерінен. Ер-тоқым жасаушылардың дені оңтүстікте тұрғанымен, менің қолымнан шыққан дүниелерге құмартушылар баршылық. Әр әбзелге бар жиған-терген өнерімді саламын. Былғарыны баптап кесу, өрнектеу, қаптал мен тоқымға қаптама материалдарды шегендеу, күмісті ерітіп, созу, өрнек түсіру, тоқымды, жүгеріні біркелкі тігіспен әдіптеу – барлығы асықпай жасалатын шаруа. Әрқайсысының түсі, пішіні, орналасуы бір-бірімен үйлесіп тұрмаса, сырт көзге тұр­пайы көрінеді. Сондықтан бұл жерде сұлулық үйлесімін көре білу де бұлжымас шарттың бірі. Қазіргі күні Павлодар мен Абай облыстары аумақтарында мұндай ер-тоқымды менен өзге кәсіби түрде жасайтын шебер жоқ екенін байқаймын. Мүмкін жұрт арасында өнері елден асқан шеберлер бар шығар, бірақ олардың дүниесі көзге түспейді. Бұған қоса жасаған дүниелерімді ел ішіндегі түр­лі көрмелерге жиі апарамын. Түркияға, Біріккен Араб Әмір­ліктеріне көрмеге шақырды, бірақ баруға мүмкіндігім болмады», деп қосты ол.

Ержігіт нарықтың заңымен жүретін азамат. Таныстарынан, өзге әріптестері мен жылқы ша­руашылығында жүргендерден ат әбзелдеріне қатысты соңғы жа­ңалықтарды үнемі сұрастырып отырады. Соңғы жылдары отан­дық нарықта ат спортына ар­налған ноқтаға сұраныс көбейгенін байқап, спорттық ноқтаны кө­бірек жасай бастапты. Негізі спорттық ноқтаның әлем бойынша бекітілген стандарттары бар, ені айтарлықтай жұқа, жеңіл, ауыздық темірінің іші қуыс болуы керек (салмағын жеңілдету үшін). Павлодарлық шебер бұл талаптардың барлығын орындап отыр. Оның аталған ноқталарға өз тарапынан қосқаны – әрбіріне қазақтың ою-өрнектерін салады. Ұлттық нақыштағы мұндай ноқталар алыстан менмұндалап, сәйгүліктің келбетін ашпаса, сый­қын бұзбайтыны анық.

Атап өтерлігі, осыдан бірер жыл бұрын еліміздегі қол­өнер­шілерге қолдау болсын деп жер­гілікті әкім­діктер шеберханалар ұйым­дас­тырған. Ертіс-Баян өңірінде де мұндай ұсыныс болған еді. Алайда Ержігіт Тоқтарұлына ұсынған ғима­рат көңілден шық­папты.

«Аядай ғана 18 шаршы метр бөлмеде өзіңіз және тағы екі шебер жұмыс істейсіздер деген талап қойды. Станоктарым, құрал-саймандарым мұндай алаңға сыймайтыны анық. Сыпайы түрде бас тарттым. Мемлекет тара­пы­нан қолөнершілерді қолдау іс-шара­лары жасалып жатыр деп естіп қаламын. Бірақ ат әб­зелдерін жасайтын шеберлер ондай мүмкіндіктен ада», деп қынжылды.

Сөз соңында Ержігіт Тоқ­тар­ұлы ер-тоқым жасау өнері аса тө­зімділікті қажет ететінін жет­кізді.

«Машақаты мол кәсіп, әрі көп уақытты талап етеді. Кейде сәл бір деталь көңілден шықпаса, тұтастай бөліктерді қайтадан айырбастауға тура келеді. Шабыт жүрмесе, жа­саған ердің сәні де келіспейді. Сондықтан ата-бабамыздың бұл кәсібін бастапқыда тәуір бастап, орта жолда тастап кеткен талай азаматты көрдім. Нарықтың сұранысына сай икемделуіміз керек. Әлеуметтік желідегі бей­нежазбалардан шетелдік ше­берлердің бармақ басындай затты кесіп, жону үшін қаншама заманауи станоктар, құралдар пай­даланатынын байқаймыз. Тех­­нологиялық мүмкіндік адам қолымен жасалатын жұмыстың көп бөлігін еңсереді. Ондай станоктар мен технология жақын арада ер-тоқым жасау өнеріне де енетініне күмәнім жоқ. Ең бастысы, көне мен жаңашылдықты сабақтастыра білген абзал», деп қорытты сөзін Ержігіт.

Павлодар облысы

Social Link

Follow Me On Social Media