Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр.
Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып келеді. Достас халықтарымыздың игілігі жолында, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өзара тиімді байланыстарды одан әрі арттыру үшін ортақ күш біріктіретінімізге сенімдімін, – деп жазылған құттықтауда.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Наурыз көктемнің келуі мен табиғаттың оянғанын білдіретінін жазған. Сондай-ақ бұл мейрам Қазақстан халқының игілікке, ынтымақ пен өрлеуге ұмтылысымен ұштасатынын атап өткен.
– Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға баса мән беремін. Сізбен берік достығымды мақтан тұтамын. Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елдің мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін күш-жігерімізді біріктіруге дайынмын, – делінген жеделхатта.
АҚШ Президенті Дональд Трамп жеделхатында Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын ынтымақ пен жаңару мерекесімен құттықтады.
– Біздің мемлекеттерімізді ұзақ жылдардан бері қалыптасқан өзара тиімді ықпалдастық байланыстырады. Алдағы уақытта қауіпсіздік, экономика және басқа да салаларда жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Біздің жасампаз елдеріміз табысты жолға қадам басқан кезеңде, Америка халқы Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайды, – деп жазған Дональд Трамп.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жеделхатында Наурыздың сан ғасырлық дәстүрі бейбітшіліктің, бауырмалдық пен келісімнің маңызын еске салатынына тоқталған.
– Наурыз – дүние жүзіндегі бейбітшілікке деген үмітті нығайтып, халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Елдеріміз арасындағы берік достық пен бауырластық байланыс қарқынды дамып, екіжақты ықпалдастығымыз кеңейе беретініне сенімдімін , – делінген құттықтауда.
Сонымен қатар Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Палестина Президенті Махмұд Аббас, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және бірқатар халықаралық ұйымның жетекшілері мен басқа да ресми тұлғалар құттықтады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.