Түркияда наразылық шерулерінің саябырситын түрі жоқ. Күн сайын көшеге шығып, наразылық танытушылардың саны артуда, деп хабарлайды 24kz.
Кеше қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірді деген айыппен 300 ереуілші ұсталды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Жаңа ғана тек Түркияның емес, төрткүл дүниенің көз тіккен тергеу нәтижесі аяқталды. Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұ төрт күн бойы жалғасқан тергеуден кейін қамауға алынды. Қала басшысы бірінші сот отырысынан соң сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілікті. Сот процесі әлі жалғасады. Ал, лаңкестік ұйым құрды және Түркияда тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланысы болды деген айып бойынша шешім қабылданған жоқ. Имамоғлұның өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Бірінші сот отырысынан кейін оппозициялық «Республикалық халық партиясының» атынан сайланған Анкара мэрі Мансұр Яваш алғаш боп пікір білдірді.
Мансұр Яваш, Анкара мэрі:
- Айыптаулар құпия куәгерлердің арыздарына негізделген. Біз ешқандай «Республикалық халық партиясы»ешқашан тергеуге кедергі келтірген емеспіз. Маған да ондаған инспекторлар келді. Өзіміздің инспекторлар да тексеріп жатыр, қорқатын жеріміз жоқ.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түркиядағы ереуілдер төртінші күн толастамай тұр. Елде жиындарға тыйым салынуына қарамастан кеше түнгі шеруге бір миллионға жуық адам шықты. Ішкі істер министрлігінің сөзінше, 323 адам қамауға алынған. Шеруге тыйым 27 наурызға дейін ұзартылды. Ыстамбұлға басқа қалалардан кіріп- шығуға шектеу қойылды. Ал, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған оппозицияны елдің әртүрлі қалаларында «шиеленіс пен хаос атмосферасын» құруға тырысып отыр деп айыптады. Назарларыңызға президенттің пікірін ұсынамын.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Көшеге шығып, өздерімен бірге алып, ұлттық ерік-жігерге қауіп төндіретін күндер артта қалды. Саясат пен әділеттілікті көше терроры арқылы басқарған күндер қазір ескі Түркиямен бірге мүлде өткен дүние.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Ал, оппозициялық «Республикалық халық партиясының» бүгінге жоспарлаған президенттік сайлауға үміткерін таңдау сайлауы өтіп жатыр. Партия мүшелерінің онлайн және оффлайн қатыса алатын таңдауында басқа партия мүшелері де дауыс бере алады.