Астана халықаралық әуежайында "Наурызнама" он күн бойы аталып өтті.
Жолаушыларға ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны насихаттайтын бағдарлама ұсынылды. Мереке күндері жолаушылар санының ұлғаюына байланысты әуе рейстері де артқан.
Ұлыстың ұлы күні әуежайда ақ дастархан жайылып, наурыз көше әзірленді. Әуезді ән шырқалып, қазақтың күйі күмбірледі. Түрлі бағытта сапарға шығып бара жатқан жолаушылар мерекелік шараның куәсі болып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Мәриям Бердіғалиева, қала тұрғыны:
- Уақыттарын өткізіп, бәрінің көзінен қуаныш, күлкі көріп тұрмын. Ұйымдастыру жағы өте жақсы. Женттері, дәмдері, бауырсақтары өте дәмді. Көжелері өте дәмді.
Мереке күндері ел ішіндегі сапарлардан бөлек, халықаралық бағыттардың да саны өсті. Жолаушылардың көбеюіне байланысты мейрам кездері әуежайдағы тексеру қызметінің де жұмысы күшейді.
Дана Сүйменбаева, тексеру қызметінің ауысым бастығының орынбасары:
- Мереке қарсаңында біздің жауапкершілігіміз өте жоғары. Әртүрлі жолаушылар болады. Жолаушылардың саны рейске байланысты өте көп. Біздің ең басты мақсатымыз — осы тыйым салынған заттарды, соның ішінде наркотиктерді, адамның денесінде және қолжүгінде оның бәрін болдырмау.
Науат Айтуғанова, Астана халықаралық әуежайы PR-қызметінің басшысы:
- Біз осы он күн бойы әуежайда іс-шара өткізген болатынбыз. Біздің әріптестер тамсанып, ұлттық құндылықтар қандай керемет деп өздері қатысып, ат салысып қуанған болатын. Одан алды біздің жолаушылар да таңғалып, тамсанып жүреді.
Әз-Наурыз елордалық әуежайда он күн бойы мерекеленді. Әуе қақпасында ұлттық құндылықтарымыз паш етіліп, төл мәдениетіміз ұлықталды.
Дильназ Тұрғазыева, Мадияр Қындыбаев