Ресейдің Краснодар өлкесінде орналасқан Каспий құбыр консорциумының (КТК) ең ірі мұнай айдау станциясы – "Кропоткинская" дрондар шабуылына ұшырады, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Бұл оқиға 24 наурызда, түнгі сағат екі шамасында орын алған.
"Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі украиналық соққы дронын халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысанынан 7 шақырым қашықтықта ұстап, оның бөлшектері "Кавказская" теміржол станциясы маңына түсті", – деп хабарлады Ресей Қорғаныс министрлігі.
Алайда Қазақстанның Энергетика министрлігі КТК-ның қазақстандық мұнайды қабылдауы шектеусіз жалғасып жатқанын мәлімдеді.
"КТК Қазақстан мұнайын ешқандай шектеусіз қабылдап жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, "Кропоткинская" станциясы бұған дейін 17 ақпанда дрон шабуылына ұшыраған болатын. Ол кезде нысан жөндеу жұмыстары үшін уақытша тоқтатылған еді. Сонымен қатар, Украина Ресей тарапынан атылған 99 дронның жартысынан көбін жойғанын мәлімдеді. Шабуылдың салдарынан Киев, Харьков, Сумы, Кировоград және Запорожье облыстары зардап шеккен.
"Таңғы 8:00-дегі жағдай бойынша, 57 "Shahed" үлгісіндегі соққы дроны (және басқа түрлері) елдің оңтүстігінде, солтүстігінде, батысы мен орталығында жойылды. Тағы 36 жау дроны радардан жоғалып, қауіп төндірмеді", – делінген мәліметте.
Ресми ақпаратқа сәйкес, дрондар Миллерово, Курск және Приморско-Ахтарск қалаларынан ұшырылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!