Түркияда саяси ахуал тұрақталар емес.
Елдің бірқатар қаласында ереуілдер полициямен қақтығысқа ұласты. Қала көшелеріне шыққан жұртты тарату үшін тәртіп сақшылары суық су шашып, резеңке оқ атты.
Елде билікке қарсы ереуіл наурыздың 19-нан бері басылар емес. 6 күн бұрын қамауға алынған ЭкрЕм ИмАмоғлұ Ыстамбұл мэрі қызметінен уақытша шеттетілді. Сондай-ақ сот оны тұтқындау туралы шешім шығарды. Оған пара алды деген айып тағылып отыр. Лаңкесттік ұйымға жәрдем берді деген қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Сот шешімінен соң, елде наразылық шаралары күшейе түсті. Ыстамбұлда шерушілер шаһардағы басты көпірдің бірі – Галаттың жолын бөгеп, көлік қозғалысын тоқтатты. Түркия ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ереуіл басталғалы бүкіл ел бойынша 1100-ден аса адам қамауға алынып, 123 полиция қызметкері жарақат алды. Ел президенті ереуілдерді «қатыгездік қозғалысына» теңеп, кейінгі 10 жылда мұндай наразылық шаралары болған емес деп мәлімдеді.