Эр-Риядтағы Ресей-АҚШ келіссөздері Украина дағдарысы басталғаннан бері ең ұзақ кездесуге айналды, деп хабарлайды 24kz.
Басқосу 12 сағатқа созылды. Ақпарат құралдары үшін жабық өткен жиын қорытындысын бұдан да ұзақ күтуге тура келді. Кремль соққы жасауға мораторий жарияланатын ресейлік және украиналық энергетикалық нысандардың тізімін жариялады. Оқ атуды тоқтату режимі 30 күнге қарастырылған. Бірақ келісімді тараптардың біреуі бұзған жағдайда екінші тарап оны сақтау міндетінен босатылады. Эр-Риядтағы келіссөздің тағы бір нәтижесі – Қара теңіздегі кеменің қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету. Бұл тармаққа байланысты Ресейдің Сыртқы істер министрі мынадай түсініктеме берді және сарапшы пікір білдірді.
Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:
- Біздің президент айтқандай, біз «Қара теңіз бастамасын» қолдаймыз. Бұл мәселе Эр-Риядта басым бағыт ретінде кеңінен талқыланды. Біздің ұстанымыз қарапайым. Біз сөзге сенбейміз, бізге нақты кепілдіктер керек.
Алексей Пилько, Еуразиялық коммуникациялық орталық директоры, саясаттанушы:
- Мұны жаңа талпыныс деп бағалауға болады. Ресей бастапқы шарттарының бірі ретінде Ресейдің Ауыл шаруашылығы банкін SWIFT жүйесіне қосуды, сондай-ақ Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімі мен тыңайтқыштарын экспорттауға барлық шектеулерді алып тастауды талап етіп отыр. Бірақ бұл талаптың қаншалықты ескертілетіні әзірге белгісіз. Бұрынғы келісімге Біріккен ұлттар ұйымы кепіл болған, ал бұл жолғы гарант – Трамп әкімшілігі.
АҚШ Украина және Ресеймен жеке келісімдер жасалғанын мәлімдеді
АҚШ Қара теңіздегі қауіпсіз кеме қатынасы және энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау бойынша Украина және Ресеймен жеке келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Вашингтон Мәскеуге қарсы кейбір санкцияларды алып тастау бойынша да мәміле жасалып жатқанын жеткізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Біз біраз келісімге қол жеткіздік. Келіссөздерде алға ілгерілеушілік бар. Нақты не болатынын көреміз. Жалпы біз Ресей және Украинамен терең келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
В.Зеленский келісімге қол жеткізілгенін растады
Украина президенті Владимир Зеленский Эр-Риядтағы келіссөздерде Қара теңізде оқ атуды доғару және энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасауға мораторий енгізу бойынша келісімге қол жеткізілгенін растады. Біріккен ұлттар ұйымы Украина, АҚШ пен Ресей арасындағы Қара теңізде қауіпсіз кеме қатынасын орнату келісімін қолдайтынын мәлімдеді.