What are you looking for?

"Негізгі мақсат - чемпион шығару емес": Ауыл-аймақтағы футболдың әлеуеті қандай

26.03.2025

Қазақ қоғамы талқылаудан жалықпайтын екі тақырып болса, соның бірі – футбол.

Қазақ футболының әлеуетін арттырып, дамыту үшін мемлекеттік деңгейде түрлі амалдар жасалып, қыруар қаржы бөлініп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Бірақ, қайтсем қазақ футболының дамуына өз үлесімді қосамын деген абыройлы міндет пен перзенттік парыз арқалаған азаматтар ел арасынан да табылып, сіз бен бізді қуантуда.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ауылдың қаракөз балаларын ала доп аламанына баулып жүрген Нұрғасыр Айдарбекұлымен әңгіме өрбіткен еді.

Нұрғасыр Айдарбекұлы – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы алғашқы әрі әзірге жалғыз футбол клубын ашып, ауылдағы балаларға футболдың қыр-сырын үйретіп жүрген бапкер. Үлкен қалада білім алып, маман ретінде қалыптасқан ол туған жеріне келіп, адал еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуді өзінің азаматтық міндет санаған.

«Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясында төрт жыл оқып, туған жеріме оралғаннан кейін алған білімімді, қарым-қабілетімді ел игілі жолында қызмет етуге пайдаланғым келді. Өзім бала кезімнен футболға бір табан жақын болдым. Оқушы кезімде футболдан мектеп оқушылары арасында өткен чемпионатқа қатысып республика чемпионы атанғам. Дегенмен, ол уақытта ауданымызда жеке футбол клубтары болған жоқ. Сол олқылықтың орнын толтырсақ деген ой болды. Сол ой шындыққа айналып, 2023 жылдың қыркүйек айында Рамазан Біржан есімді досым екеуміз соңымыздан өсіп келе жатқан жас жеткіншектерді спортқа, салауатты өмір салтына, физикалық белсенділікке бейімдеу мақсатында «Dostar» футбол клубын аштық. Негізгі мақсатымыз чемпион шығару болған жоқ. Негізгі ниет пен міндет – елге, қоғамға мейлінше пайдалы болатын, жүзі жарық, нар тұлғалы азаматтарды тәрбиелеп шығару. Себебі, адами құндылықтар дәріптелген ортада кәсіби жетістіктер де болары сөзсіз. Футболға келсек, бұл спорт түрінің айналасында пікірталас та, дау да көп. Дегенмен, футбол – өлмейтін спорт. Медиа өкілдер, мемлекеттер қызметкерлер, ұстаздар, медицина қызметкерлері секілді қоғамның кез келген саласындағы мамандар арасында футбол матчтары мен түрлі деңгейдегі жарсыстардың ұйымдастырылуы сөзіме дәлел. Қайнаған тіршіліктің барлық саласымен біте қайнасып жатқан футболдың қыр-сырын үйренген адам, сәт сайын жаңарған қазіргі заманға да жеңіл бейімделеді», — дейді ол.

Бүгінде 5-15 жас аралығындағы балаларға арналған клубта 100-ден астам шәкірт тәрбиеленуде.

«Алғашқыда досым екеуміз ортадан ақша шығарып, ең қажетті құрал-жабдықтарды алдық. Ауданымыздағы аренамен келісім-шартқа отырдық. Жарнамасын жасап, мектептерді аралап қызығушылық танытқан балаларды шақырдық. Сол еңбегіміз ақталып, бүгінде 4 ауысымда 100-ге жуық баланы осы спорт түріне баулып жатырмыз. Футбол – командалық спорт. Бір адамды күреске дайындау мен 11 адамды футболға дайындау салыстыруға келмейтін дүние. Оның ішінде балалармен жұмыс істеудің ерекшелігі мен қиындығы айтпасам да түсінікті шығар. Топтың ауызбіршілігін сақтап, оларға позиция таңдау, әр баланың тұлғалық ерекшелігіне сай сөйлесу, қарым-қатынас жасау, олардың пікіріне құлық асу – күнделікті тынымсыз әрі қажырлы еңбекті талап етеді. Сондай-ақ, заман талабына сай болып, әлеуметтік желілірдегі парақшаларымызды белсенді түрде жүргізуді де естен шығармаймыз. Тағы бір айта кететін жәйт, балалар телефонға телмірген цифрлық заманда эмоция шығару деген дүние ақсап жатқаны өтірік емес. Балалар қуаныш пен қайғы, жеңіс пен жеңіліс секілді эмоцияларды жансыз гаджеттегі онлайн ойындардан алуда. Ал, спорт, соның ішіндегі командалық спорт осы тұрғыда өте мықты құрал. Ойын уақытындағы командалық көңіл-күй, рух, қуаныш, жеңіс, жеңіліс секілді эмоциялар балаларды бауырмалдыққа, ортас іске бірігуге тәрбиелейді», — дейді Нұрғасыр Айдарбекұлы.

«Достар» футбол клубының ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да жеткен жетістіктері аз емес. Облыстық турнирлерді бағындырған олар ендігі меже халықаралық жарыстар деп отыр.

«Біз 1,5 жыл ішінде Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында өткен түрлі жарыстарға қатыстық. Солардың ішіндегі атап өтетіні Қызылорда қаласында өткен Аul Open Cup республикалық турнирі. Ол турнирде жүлделі үшінші орын алдық. Шымкентте өткен «Достар академиясы» жарысында бірінші орын алдық. Ең үлкен жетістігіміздің бірі – ауданымызда ақпан айында өз қаржымызға республикалық «New Castle Cup» турнирін өткіздік. 2013-2014 жылғы жасөспірімдер арасында өткен жарыс ауыз толтырып айтарлықтай болды. Аталмыш турнирде де жүлделі бірінші орынға ие болып, команданың мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, топ жардық. Алдағы уақытта, жаз мезгілінде Ташкент қаласында үлкен дода болады. Сол жарысқа барып, жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап отырмыз», — дейді «Dostar» футбол клубының жаттықтырушысы.

Дегенмен, клубты қаржыландыруға қатысты қиындықтар да жоқ емес.

«Клубтың потенциалын толық ашып жұмыс істеу үшін жетпей жатқан дүниелер де бар. Қаржыландыру жағынан да қиыншылықтар бар. Қазір барлығы ақшаға келіп тірелетін уақыт қой. Турнирлерге бару да қыруар қаржыны талап ететіндіктен көп жарыстардан тыс қалып жатамыз. Алдағы уақытта клубқа демеуші тапсақ, аптасына алты күнге жаттығу қойсақ деген жоспарымыз бар. Бұл істі бастаудағы негізгі мақсатымыз салауатты жас ұрпақ қалыптастыруға өз үлесімізді қосу болғандықтан уақытша қиындықтарды толық еңсеретінімізге сенемін. Сондықтан дені сау, рухы мығым, бірлігі мықты, спортты өмірлік серік ететін жастарды, қазақ футболының болашақ жұлдыздарын тәрбилеу ісін жалғастыра бермекпіз», — деп түйіндеді Нұрғасыр Айдарбекұлы.

Қорыта айтқанда, ертеңгі нәтижені бүгінгі әрекет анықтайды. Осындай ұлтжанды, ісіне берік азаматтардың бүгінгі еңбегі мен бастамалары қазақ футболының жарқын болашағы жолында жасалып жатқан маңызды әрі тарихи қадам екеніне сенеміз!

Social Link

Follow Me On Social Media