What are you looking for?

Керчті қорғаған қаһарман

07.03.2025

Біз мектепте жүргенде Мүсілім Нүкеновті батыр дейтінбіз , ал әкелеріміз арғы аталарынан бақ пен құт дарыған, қазақ­тың әр руында кездесетін қаракөк тұқымның бірі Мамай байдың бауырына басқан немересі деп қарайтын.

Кез келген майдангер сияқ­ты Мүсілімнің де ерлігі мен ауырт­палығы, сенімі мен тағдыры қиы­лысатын тұсы бар. Әкеден ерте айырылған жалғыз тұяқ ана­сы Тілләнің, атасы атақты Ма­май байдың қамқорлығында өсті. Атасы немересінің зейінін ерте танып, тәрбиеледі. Халық комиссарлары кеңесінің мал тәркілеу және байлар мен бай шаруашылықтарын күштеп көшіру туралы қаулысынан кейін туған өлкесін тастап, ұлдарымен бірге Өзбекстанға, Шыршық жағындағы таулы ауылға қоныс аударуға шешім қабыл­дады. Елден кетер алдын­да немересі Мүсілімнің құрметіне ауыл-ай­маққа ас беріп, мал-мүл­кін ауылдағы ағайынға таратып, батасын алып кетті. Аты-шу­лы қаулымен ілесе келген ашар­шылық қазақты аяған жоқ. Ата­сының асыл сүйегі атамекеннен алыста қалды. Жеті атасынан бай­лық үзілмеген текті дәулеттің ұл­дары Ташкенттің Алай базарында саудамен айналысты, барды қанағат тұтты.

Мұғалім болу Мүсілімнің ар­маны еді. Бірақ тағдыр оны таң­дауынан адастырып, Ташкент қаласындағы Әділет халық ко­мис­сариатының жоғары заң мек­тебіне алып келді. Жоғары мек­тепті бітіріп үлгермей тұрып, Мүсілім әскери комиссариатқа құжаттарын бірінші болып беріп, радист-барлаушының жедел курсынан өткеннен кейін бірден Қырым майданы, Керч түбегіне түсті. Сол кезде 1941 жылы КСРО-ның соғысқа дайындықсыз кіргені, әскери кадрлардың тапшылығы, сауатсыз, біліксіз басшылықтың билігінде болғаны енді айтылып жүр. КСРО-ның ең жоғары заң мектебінде білім алған жас офицер Қырым майданының 51-армия­сы 156-атқыштар диви­зия­сының 183-барлау батальоны­ның құра­мында Керч түбегінде ауыр шай­қасқа қатысты. Мүсілім­нің өз қолымен жазылған естелік­терінде соғыстың алғашқы жылы ауыр болғаны айтылыпты. Бұл кеңес әскерлерінің барлық майданда кері шегінген кезеңімен есте қалды. Ал әскери тарихшылар ес­теліктерінде Керч майданы Екін­ші дүниежүзілік соғыстың ең қай­ғылы кезеңдері екені айтылады.

1942 жылы 28 наурызда Гит­лердің «Дроф аулау» (неміс. Trap­penjagd) кодтық атауымен Қырымдағы шабуыл жоспары бекітіледі. 1942 жылы 7 мамыр­да Эрих фон Манштейннің басшы­лығындағы 11-армия операция­ны жүзеге асыруға кірісті. Бірін­ші соққы әуеден жасалады. Люфтваффенің 4-әуе флотының 400 шабуылдаушы бомбалаушы­сы алдын ала барланған нысана­ларға соққы береді. Керч түбегі­нің оңтүстік-батыс бөлігі жазық, негізінен, палеогендік саздан түзіл­ген. Окоп дайындалып үл­гер­меген. Аспаннан кілем әдісі­мен жауған жау бомбасына тек сол­дат шинелі ғана қорған болады. Қару да жетпейтін. Ұзақ уақыт бойы қорғаныс шебінде тұрған кеңестік штабтар үлкен шығынға ұшырады: 51-армияның қолбасшысы генерал-лейтенант В.Львов оққа ұшып, ал оның орын­басары генерал-майор К.Ба­ранов ауыр жараланды. Бір апта­ның ішінде 160 мыңнан аса кеңес әскерилері қаза тапты.

Сол майданда жараланған мыңдаған адамның ішінде Мүсі­лім Нүсенов те бар. Кезекті әуе ша­буылы кезінде аяғына бом­баның жарықшағы тиіп, кейін қираған техниканың астында қалған Мүсілімді санитар татар қызы құтқарып қалыпты. Ол туралы батыр естеліктерінде «Бар мен жоқтың арасында жатып татар тіліндегі «Байғуш бала-ай» деген әйел даусын есіттім» деп жазыпты. Санитар әйел алғашқы көмек көрсетіп, оны айлақтан жүзіп келе жатқан баржаға тиеп, тылға баратын жаралылардың қатарына қосыпты. Соғыс туралы әңгімеге сараң Мүсілім өзін майдан даласынан алып шыққан татар қызының есімін де білмейтінін жиі айтатын.

Керчтегі Қырым майданы бірнеше күн ішінде толығымен жойылды, КСРО әскері майдан даласын тастап кейін шегінді. Сол түбекте ашық далада сан жағынан да, қару жағынан тең емес қарсыластарымен бір апта бойы соғысқан батырлардың ер­лігі туралы деректер КСРО тари­хының қасіреті тәрізді айтыла бермейтін ақиқатына айналды.

«Ауыртпалық пен контузия­дан есімнен адасып, бар мен жоқтың арасында жаттым. Аспан­да әппақ бұлтардың арасынан ақбоз атты әкеммен бірге көкке ұшып барамын. Мамай атам аттан түсіріп, түлкі малақайына орап алған сәтте есімді жинадым», дейді естеліктерінде.

Сол сәтке куә болған әскери журналист, жазушы Константин Симоновтың естеліктерінде май­дандағы жағдайды былайша сипаттапты: «Аспан мен жердің арасы қара түтіннен көрінбей, қара түнекке айналып кеткен. Адамдар бір орында тұрып, не істерін білмей жатты. Айналада жан сауғалап қалуға мүмкіндік беретін окоп та, тесік те, ештеңе жоқ. Бәрі де барлық жағы­нан ашық. Мәйіттер көзі ашылып, қолын аспанға созған күйі қа­тып қалған, бірі батпаққа батып жатыр. Маған сол сәт өте қорқынышты болып көрінді».

Жаралы жауынгерлермен қауіп­сіз жерге жеткізілген Мү­сілім әуелі Пятигорск, содан соң Баку, Ташкент госпитальдарына жеткізілді, бір аяғы тізеден кесілді. Кескен жер қайта іріңдеп, тізеден жоғары кесілді. Осы мақаланы жазу барысында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1976 жылғы 15 сәуірдегі санында «Балдақтағы адам» деген шағын очеркті тауып алдық. Онда Мүсілімнің майданнан қайтып келген сәті былай деп суреттеліпті: «Өлді» деп үміт үзіп қойған баласының алдынан жүгіріп шыққан анасы Тіллә етегіне шалынып, баласының аяғына жығылды. «Жалғыз, менің құлыным! Тірі, ең бастысы тірі! Осы соғысты ойлап тапқандарға қарғыс болсын».

Мүсілімді қан майданнан тек анасы ғана емес, сөз байласқан қалыңдығы Далихан күтіп алған еді. Далихан да атамекеннен өздерімен бірге келген болатын.

Мүсілім Нүсенов Майдан даласындағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Гер­манияны жеңгені үшін», «Мар­шал Жуков» медальдарымен, көптеген мерейтойлық медальмен марапатталған.

Соғыстан соң 40 жылға жуық сот органдарында жұмыс істеді, сот хатшысы қызметінен бас­тады, 28 жыл бойы бірнеше аудан­да халық сотының төрағасы бол­ды. Жұбайы Далиханнан 10 бала сүйіп, соғыста қаза тапқан бауыр­ларының, ағайынның баласына қарасты. Беріде қара ша­ңырағында бала-шағасының алдында дүниеден өтті.

Нүсеновтер отбасы әкесінің жауынгерлік ордендерін, бү­кіл әскери мұрағатын, фото­су­рет­терін, сосын жазған естелік-кі­таптарының қолжазбаларын мұ­қият сақтайды. Майдангер алғаш­қы кітабын анасы Тілләға, екіншісін әйелі Далиханға арнапты.

«Ол кезде протездеу нашар дамыған, протездердің салмағы 20 килограмға дейін болатын. Мен аяғым жоқ екенін сезген жоқпын. Анам мен жұбайым – менің мүгедек екенімді сезіндірмеді», дейді екен Мүсілім аға.

Майдангердің қызы Баян Нүсенова бізбен әңгімесінде «Бұл айтуға оңай. Әкем осы протезбен бүкіл қазақ даласын аралап шықты. Әрбір жұмыс күні кешке қарай 20 килолық протезден тізеден жоғары кесілген қара санға батып, ескі жараның бітеліп кетуіне мүмкіндік бермейтін. 1942 жылдың 19 мамырынан кейінгі өмірі мылтықсыз майданмен бірдей болды», дейді.

Соғыс ардагерлерінің қатары­ның тым сиреп қалғанын биыл байқадық. Бірақ олар туралы естеліктер әр жүректе сақталады.

АЛМАТЫ

Social Link

Follow Me On Social Media