What are you looking for?

Шетелдік спортшыларды бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынады

27.03.2025

Қазақстанда легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынады, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Сенат тиісті заңды екі оқылымда қарап мақұлдады. Елдегі ала доп қуған футболшылардың жартысына жуығы шеттен келген. Мәселен, соңғы 20 жылда отандық футбол премьер-лигасында ойнайтын шетелдік спортшылардан еш нәтиже болмаған. Сондықтан енді қаржы Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындарында жеңіске жеткен отандық спортшыларды қолдауға жұмсалады.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушыларын қолдау үшін аптасына 18 сағат жүктеме нормативі белгіленді. Нәтиже көрсетпеген мемлекеттік спорт ұйымдарының басшылары жұмыстан кетеді. Сондай-ақ республикалық және өңірлік спорт федерацияларының мәртебесі ұлттық спорт федерациялары болып өзгертіледі. Ал спорт федерациялары енді экстремизм мен терроризмнің алдын алатын болды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Соңғы жылдарда елімізде спорт саласын дамытуға баса мән беріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгін қаралған заң – спорт саласын басқаруды жетілдіру бағытында іске асырылып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылды. Ұлттық спорт түрлері басым спорт түрлерінің қатарына қосылды. Мақұлданған заң саламатты өмір салтын насихаттауға, азаматтарды, әсіресе балаларды спортқа баулуға және жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізуге оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Social Link

Follow Me On Social Media