Астанада 1 сәуірден бастап 31 тамызға дейін жалпы білім беретін орта мектептердің бірінші сыныбына құжаттарды қабылдау басталатын болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі .
Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа болжаммен 30 мыңнан астам бала келеді деп күтіліп отыр. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Спикердің айтуынша, Астанада 196 орта білім беру ұйымы бар, онда 288 000-нан астам оқушы білім алып жатыр. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Өтінішті www.egov.kz порталы арқылы онлайн немесе қағаз нұсқада мектепке барып тапсыруға болады. Мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын барлық 6 жастағы және сол жылы 6-ға толатын балаларды дайындық деңгейіне қарамастан, бірінші сыныпқа қабылдайды.
Мектепке қабылдау үшін ата-анадан немесе заңды өкілінен өтініш, баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамасы және денсаулық паспорты, сондай-ақ, цифрлық фотосуреті қажет. Мектептер бірінші сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Тек мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурс негізінде қабылдандады. Онда үміткерлерден құжатты қабылдау 1 ақпанынан бастап 15 сәуір аралығында жүргізілуде. Бірінші сыныпқа қабылдау барынша жеңілдетілді. Барлық процесс ашық жүргізіледі, ал мектептер заңда көрсетілген құжаттардан басқа қосымша анықтамалар талап ете алмайды. Өтінішті уақытында тапсыру қажет, соңғы күнге қалдырмаңыз, — деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Құжаттар тізімі:
- Бірінші сыныпқа қабылдау үшін ата-анадан немесе заңды өкілінен өтініш;
- «Профилактикалық екпелер картасы» (№065/у);
- «Бала денсаулығының паспорты» туралы (№ 052-2/у) медициналық анықтамалар;
- баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретiн тапсыруы қажет.
Құжаттарды www.egov.kz порталы арқылы онлайн немесе қағаз нұсқада мектепке барып тапсыруға болады. Қағаз түрінде өткізген кезде қосымша ата-анасын немесе заңды өкілі екендігін растайтын жеке куәлігі талап етіледі. Құжаттар әр аптаның дүйсенбі және жұма күндері аралығында қабылданады. Білім беру ұйымы ата-анадан тізбеде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ, — дейді Маржангүл Қайырбаева.