Бурабайда өткен ІV құрыл тайда ел үшін маңызы зор бірнеше мәселе сөз болды. Президент ұрпақ тәрбиесінен бастап, экономикалық жетістіктерге жетудің нақты іс жоспарын жариялады. Бүгінгі ұрпақты жаңа деңгейде тәрбиелеу мәселесі айтылды. Ел экономикасын индустриалдық бағытта дамытуда техникалық және кәсіптік мамандарды көбейту мақсаты қойылып отыр.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды.
Келелі жиынның маңызы ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Президент құрылтайда Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов, Мұрат Әбенов сынды азаматтардың салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікіріне назар аударды. «Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек», деді Мемлекет басшысы.
Мен өз тарапымнан Парламенттің жоғарғы палатасы мен тәуелсіз сарапшылар арасындағы байланыс жоғары деңгейде екенін айта аламын. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзегі де – осы. Негізі бар ұсыныстар айтылып жатса, оған Сенат тарапынан назар аударылады. Бізге қазір үйде отырып, сын айтатын сарапшылар емес, ой қосатын, ұсыныстарымен екі тараптың да қалғып кетуіне жол бермейтін сарапшылар платформасы керек.
Бұл бірегей диалог алаңында жыл сайын елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қарастырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламалық баяндамасында қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасап, көптеген мәселе бойынша жүйелі шешімдер ұсынып, болашаққа арналған міндеттерді белгіледі.
Идеология – қоғамның құндылықтық, саяси және мәдени бағдарларын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Қазіргі жаһандану дәуірінде оның рөлі күшейгені сөзсіз. Мемлекет басшысы идеологиялық және гуманитарлық жобалардың маңыздылығына тоқталып, Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды.
Жаһандану мен технологиялық үрдістердің кері әсерінен бірыңғай жаһандық мәдениет қалыптасып, әртүрліліктің жойылу қаупі туындауы мүмкін. Жыл сайын жаһанданудан жойылып кетіп жатқан мәдениеттер аз емес. Сондықтан ұлттық бірегейлікті сақтау және жаңғыртуға ертеңін ойлаған елдер өз мәдени әрі тарихи ерекшеліктерін қорғауға басымдық береді. Президенттің бұл мәселеге басымдық бергені қуантты.
Биыл – ұлтымыздың рухани реформаторы, адамзаттың Абайы атанған ұлы тұлғаның 180 жылдық мерейтойы. Гете, Сервантес, Конфуций орталықтары сияқты шетелде Абай институттарын ашуды қолға алу – маңызды қадам.
Сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор, Ұлттық цифрлық архив құру және «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын іске қосу – стратегиялық маңызды жобалар.
Әр облыс орталығында ерекше балаларды оңалту және дамыту орталықтарын ашу, сондай-ақ облыстық, аудандық орталықтарда, ауылдар мен кенттерде балаларға арналған футбол алаңдарын салу – спорт ғана емес, ұлт саулығы мен өскелең ұрпақтың бүлдіргі әрекеттерден қорғау қорғаны.
Тәуелсіздіктің 40 жылдығына қарай экономикалық және инфрақұрылымдық бастамалар айқындалды. Бұл – цифрландыру және жасанды интеллект, көлік және транзит, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, адам капиталы. Алдағы төрт жыл ішінде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу, 2025–2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, ал биыл нақты секторды қаржыландыруды екі есеге арттыру (8 трлн теңгеге дейін), келесі жылдары 10 трлн теңгеге жеткізу, Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын автожол салу – еліміздегі экономикалық-инфрақұрылымдық жүзеге асырылатын жұмыстардың бір парасы ғана.
Шекаралық аудандар мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұрғындар әлдеқайда көбеюі мүмкін деген болжамдар анық айтыла бастады. «Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі аймақтардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түседі деген сөз. Осы мәселемен Үкімет мұқият айналысуы керек», деді Мемлекет басшысы. Парламент пен Үкіметтің алдындағы міндет – шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы жаңа заң әзірлеу.
Ұлттық құрылтай осылайша елдің ұзақмерзімді дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауда басты рөл атқарады.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты