What are you looking for?

Тасқынға қарсы шараларға 2 мың әскери қызметші тартылған

28.03.2025

Отан қорғаушылар Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының жергілікті қызметтері мен халқына жан-жақты көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған аймақтардың жергілікті аумақтық қорғаныс бригадалары мен әскери бөлімдердің жеке құрамы өзен жағалауларын нығайтумен, қаптарға топырақ салу-төсеу жұмыстарымен айналысып жатыр.

gov.kz

Абай облысында әскери қызметшілер Аягөз ауданының Мамырсу ауылына көмек көрсетуде. Аягөз өзенінің жағасына топырақ тасымалдау үшін 10 КамАЗ көлігі мен жүк тиегіш бөлінді.

Ақмола облысының Атбасар, Ақкөл қалаларында әскери қызметшілер қап дайындаумен айналысып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы Заречный және Тепличный елді мекендерінде еріген қар суына тосқауыл қоймақ. Бескөл кентіндегі жағалауды нығайту үшін 44813 бөлімінің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындау жұмыстарына тартылған.

Қостанай облысында жергілікті бригаданың жауынгерлері Новоселовка ауылында жұмыс жүргізіп, Обаған өзенінің жағалауын нығайтты.

Аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе кентіндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылды.

Атырау қаласында әскери бөлімдердің әскери қызметшілері жақын маңдағы Тұрғызба, Шоқпартоғай, Бақашы, Құлсары елді мекендерінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақтөбе облысына Қонаев гарнизоны инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері көмекке келді. Олар өздерімен бірге понтондық көпір паркінің элементтерін, оның ішінде понтондық көпір сегменттері бар екі ірі тоннажды жер үсті көлігі (КрАЗ-255б), қалқымалы тасымалдаушы, сондай-ақ Камаз және КрАЗ көліктерінің базасындағы екі сүйреткіш моторлы қайық ала келген. Әскери инженерлер кез келген уақытта Ойыл өзеніне уақытша өткел орналастыруға дайын.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 2300-ге жуық әскери қызметші және 770-тен аса техника жұмылдырылған.

Social Link

Follow Me On Social Media