Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Маңғыстау облысында ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі ардагердің ғана көзі тірі. Оның бірі Василий Салазкин биыл 98 жаста. Ал Ольга Заривняк 93-те.
Василий Салазкин әскерге өз еркімен 18 жасында алынып, Қиыр Шығыс майданында жапон басқыншыларымен жаяу әскер қатарында шайқасқан. Ерлігі үшін «II дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары қазіргі Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында көлік жүргізуші болып жұмыс істеді. Ал зейнетке шыққан соң Ақтауға қоныс аударған.
Василий Салазкин, соғыс ардагері:
1945 жылы соғыс аяқталса да, бірінші Қиыр Шығыс майданында 3-4 ай бойы атыс тоқтаған жоқ. Жапон басқыншыларының жекелеген бөлімдері бізге оңайлықпен берілмеді. Көптеген қарулас жолдасым опат болды. Біз көрген сұрапыл жылдарды бүгінгі ұрпақ көрмесін деймін. Елде мәңгілік бейбітшілік орнасын.
Ақтаулық екінші майдангер Ольга Заривняк соғыс басталғанда небәрі 13 жаста болған. Соған қарамастан ол Брест облысы Клещели қаласында шоғырланған партизан жасағына байланысшы ретінде қосылған. Қайсар қыз армия штабына маңызды ақпарат жіберумен қатар жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен.
Ольга Заривняк, соғыс ардагері:
Үсті-басы лас, кір-қожалақ кішкентай қызға жау назар аудармайтын. Маған соның үлкен пайдасы тиді. Партизандар қандай қиын тапсырма берсе де, бұлжытпай орындап жүрдім. Көшеде көрген-білгенімді жасырын пәтерге келген байланысшыға айтып, техника, әскер тұрған жерлерді картаға түсіріп беретінмін.
Аягөз Оралбайқызы