Жамбыл облысында жер сілкінісінен бүлінген баспаналар тізімі қысқарды. Үкіметтік жұмыс тобы тұрғындардан түскен арыздарды қарау барысында кейбір үйдің бұған дейін де тозығы жетіп тұрғанын анықтаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, әуел баста зілзаладан 122 баспана зақымданды делінген. Алайда нақты бүлінген үй саны 12 болып шыққан. Мамандар шығын көлемін шығару үшін әлі де сараптама қорытындысы қажет дейді. Өйткені Меркі мен Тұрар Рысқұлов ауданында 17 әлеуметтік нысан зақымданған. Әсіресе 5 балл тербеліс тіркелген Меркіде аудандық аурухана ғимараты, бірнеше ауылдағы амбулатория, балаларды оңалту орталығы мен балабақша қабырғаларына сызат түскен.
"Екі әлеуметтік нысан және бірқатар тұрғын үйдің зақымданғаны туралы өтініш түсті. Арнайы мамандар және ғылыми зерттеу институтының және салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен зерделеу нәтижесіне сәйкес тиісті шешім қабылданады", — дейді телеарна тілшісіне Меркі ауданы әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев.
Дереккөз: КТК