What are you looking for?

Елімізде 250-ден астам тергеуші әйел жұмыс істейді

07.03.2025

Елде мемлекеттік қызметтегі басшы әйелдердің үлесі 39 пайызға жуықтайды.

Кәсіпкерлік бағытында 48 пайыз әйелдердің үлесінде. Ал полицияға қарасты тергеу департаменттерінде 250-ден астам тергеуші әйел жұмыс істейді. Яғни қазір ерлерге тән саналатын қызметтердің бәрінде нәзік жандарды кездестіруге болады. Бұл тұста гендерлік саясаттың сәтті жүзеге асып жатқанын айта аламыз. Әсіресе шенді әйелдердің қатары жыл сайын толығып келеді.

Погон, арнайы форма. Кезінде оны тек ер адам киюі тиіс көрінетін. Дегенмен, жігітке тән саналатын қызметте қазір нәзік жандар да сап түзеп жүр. Солардың бірі Әлима Жамалиева. Еңбекқорлығымен көпшілікті сүйсіндірген шенді әйел бүгінде Астана қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі қызметін атқарып келеді. Ол бүгінге дейін сан алуан салада өзінің тәжірибесін көрсетіп үлгерген. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы қылмыс, ұрлық және отбасыдағы тұрмыстық зорлық секілді мәселелерге тергеу амалдарын жүргізеді.

Әлима Жамалиева, қалалық ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

- Қылмыстық істерді тергеу оңай емес. Әрбір іске кемі 2 ай, ал ең көп дегенде 4-5 ай уақыт кетеді. Әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған жыныстық және тұрмыстық қол сұғушылықтар мәселесін зерттеген қиын. Дегенмен жұмыста әйел екенімді ұмытып, тек маман ретінде бар күш жігерімді саламын. Қызметімнің жауапкершілігін ұғынамын.

Әлима Жамалиеваның саладағы еңбек өтілі 22 жылға жуықтады. Осы уақыт бедерінде тергеуші әйел жүздеген істің бетін ашқан. Оның ішінде былтыр қоғамдық резонанс тудырған аты шулы «Бишімбаевтің ісі» бар. Иә, Әлима бұл істің де тиісті деңгейде тергеп-тексерілуіне өз үлесін қосты. Үйдің бетін көрмей, ерлермен иық тіресе еткен еңбегінің арқасында марапаттар алып, бүгінде арнайы төсбелгілерге ие болып отыр.

Әлима Жамалиева, қалалық ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

- Бұл Ішкі істер министрлігінің өкілдері киетін китель. Көкіректің сол жақ тұсында менің осы уақытқа дейін қол жеткізген төсбелгілерім тағылған. Мұнда 10, 15 және 20 жыл бойы «мінсіз қызметі үшін» медальдарі бар. Сондай-ақ «құқық тәртібі үшін» деген де төсбелгі тағылып тұр. Ал оң жақ тұсында жоғары оқу орнын тәмамдағанымды және маман шеберлігін растайтын белгілер ілінген.

Шенді әйелдің біліктілігін әріптестері жоғары бағалайды. Ал жас мамандар, оның ақыл-кеңесіне сүйеніп, сілтеген жолымен жүреді.

Аяжан Нүсіпбекова, қалалық ПД тергеу басқармасының тергеушісі:

- Қызметте әрқашан біз сияқты жас қызметкерлерге көмектесіп, қол ұшын беріп, қандай да бір сұрақтармен барған кезде әрқашан қолынан келгенше көмектесіп отыратын қызметкер. Әлима Аманжоловнаны шыны керек әйел ретінде де, адам ретінде де, қызметкер ретінде де өте жоғары деңгейде.

Қазір бір ғана Астананың өзінде 300-ден астам тергеуші болса, соның 100-ге жуығы нәзік жан. Жыл сайын шенді әйелдердің қатары толығып келеді. Олар әрбір істі ерекше сүзгіден өткізіп, ерлермен теңдей қызмет етіп жүр.

Альмира Оразбай, Ержан Рахманбердиев

Social Link

Follow Me On Social Media