Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков қазақстандық пойыздарда интернет қашан қолжетімді болатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, жоба қаңтар айында басталған.
«ҚТЖ-ның мәліметі бойынша, біздің елде «Тальго» пойыздары жұмыс істейтін 16-ға жуық бағыт бар. Техникалық тұрғыда бүгінде пойыздардың ішінде интернетті тек осы пойыздар таратуға қауқарлы. Тиісінше, бұл жүйені кеңестік кезеңнен қалған ескі жүйеге енгізу мүмкін емес.Сондықтан біз қазір ҚТЖ-мен осы мәселені пысықтап, барлық 16 бағытта интернетті толыққанды қамтамасыз ету жоспарларын белгілеп жатырмыз. Бұл билеттер құнына әсер етпеуі үшін олармен келіссөздер жүргіземіз», деді Дамир Сейсембеков.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда пойыздардың бірінде интернет бар екенін айтты.
«Астана мен Алматы арасында көптеген пойыздар жүреді, бірақ олардың біреуінде ғана интернет бар. Қазір белсенді тестілеу кезеңі жүріп жатыр, жалпы кері байланыс жақсы. Уақыт туралы жаңылыстырғым келмейді, бірақ бірінші жартыжылдықтың соңында техникалық пилоттық жұмыстың қорытындысы шығарылады деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, интернет орнату жоспарлы түрде, ең алдымен жолаушылар ағыны көп бағыттарда жүргізіледі. Сондай-ақ мобильді қамту мүлдем жоқ бағыттар бойынша жүретін пойыздар бар, оларды бірінші кезекте қамтамасыз етеміз», деді ол.
Оның айтуынша, жұмыс биыл да жалғасады, бірақ бұл процестің қашан толық аяқталатынын айту қиын.