Орталық Азия – Еуропа мен Азия арасындағы бекет және қақтығыстар кезіндегі байланыс аймағы. Италияның Премьер-министрі Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында осылай деді.
Расында, қазір жаһанның Орталық Азияға көзқарасы өзгерді. Тежелген экономикаларын түзетіп, түлететін кеңістік ретінде көреді. Бұны алқалы жиынның ауқымынан-ақ аңғаруға болады. 7 мыңнан аса қатысушы, 160-тан аса спикер бар. Тақырыптары сан алуан. Энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, геосаяси ынтымақ.
Нысаналы Ығыл, тілші:
- Шартарап шарайнадай шытынап тұр. Шағып алмай, сын-тегеурінге төтеп беру – көпшіліктің емес, көшбасшының міндеті. Белгісіздік билік құрған уақытта бірігу керек. Бұл – кемелденудің кілті. Ал, керең боп, кердең қақса, көш кері кетеді. Жыл сайын Астанада жаһандық деңгейдегі тұлғаларды жиып, халықаралық форум өткізудегі мақсат ортақ. Тұрақтылық, мәміле мен мүдде. Биылғы мәртебелі меймандардың бірегейі – Джорджа Мелони. Италияның Премьері өзін геосаясаткер санамайды. Бірақ ахуалды бағамдап отыратынын айтты.
Джорджа Мелони, Италия премьер-министрі:
- Орталық Азия – екі құрлық арасындағы көпір, Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті және қақтығыстар арасындағы байланыс айлағы. Әлем қазір барған сайын тығыз байланысқа мұқтаж. Мен италиялық ретінде, Еуропа мен Африканың ортасында жатқан, Жерорта теңізіндей жаһандық орталықтағы ұлттың қызы ретінде мұндай географиялық жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсінемін.
Ағынан жарылған Джорджа Мелони Қазақстанға алғашқы ресми сапарын хаттамалық сипат деп санамайтынына екпін салды. Орталық Азия мен Италияның ынтымағы цифрлықтан бастап тасымал инфрақұрылымына дейін бағытталады.
Джорджа Мелони, Италия премьер-министрі:
- Біз осы сапарды Қазақстан үкіметімен арадағы стратегиялық ынтымақтастықты қаржыландыру тұрғысынан, қалыптасып жатқан байланыстарды нығайту тұрғысынан бекіткіміз келеді.
«Арал тағдыры да алаңдатады. Оны қорғау – біздің парызымыз әрі міндетіміз», — деген Италия Премьер-министрі еліндегі сондай жобаларға арналған климаттық қорын пайдалануға шақырды.
Марко Оснато, Италияның Қаржылық комиссиясының төрағасы:
- Италия мен Қазақстан қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Италия – Қазақстанның белсенді сауда серіктесі. Итальяндық тауарлар үшін сондай қарымта күтеміз. Әңгіме аграрлық өнімдер, дизайн, жоғарғы технология мен логистика жөнінде болып жатыр. Бүгін инфрақұрылым мен энергетика саласында стратегиялық жобаларды іске асыру үшін меморандумға отырамыз.
Әлемдік сауданың болашағын картаға түсіру – Жаңа Жібек жолының жоспарында бар. Қазақстан мұхитқа шыға алмаса да, тығырықтан шығар жолды біледі. «ТрансКаспий» халықаралық дәлізі соған дәлел. Бірақ мұнымен шектелмей көлік-логистика саласында керуен көшін үдету көзделген. Мақсатты орындауға алдағы 5 жылда 40 млрд доллар қажет. Көлік министрі Марат Қарабаев инвесторларды қаржы құюға шақырды. Бұл тәуекел емес. «Себебі, елдегі экономикалық өсімнің 25%-і осы секторға тиесілі», - деді. Айтпақшы, 9 жол торабының бір тармағы Африкаға тартылады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Орталық Азияның алдағы он жылдығы олжалы болуы тиіс. Себебі, бұл аймақ – Шығыс пен Батыс арасындағы жолайрық.
Пьер Морен, кәсіпкер (Франция):
- Франция Қазақстанмен экономикалық серіктестікті арттыруға мүдделі. Біз атом энергетикасы, сирек металдарды өңдеу, фармацевтика сияқты салалардан зор үміттіміз. Servier, Sanofi сияқты компаниялармен меморандум орнады. Paris-Saclay универсиететімен зерттеу жүргізуге келісілді. Сондай-ақ цифрлық технология, жасанды интеллект бағыттарында байланыс нығайып келеді.
Цифрландыру – сиқыр сияқты. Сол сиқырды отандық ІТ мамандар жақсы меңгеріп келеді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Жандос Шаймарданов 2029 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің 20%-ін жасанды интеллект сүйемелдейтінін жеткізді. Smart Data Ukimet платформасы іске қосылған. Онда 100-ге жуық дерек базасы бар. Бұл жасанды интеллектіге иек артылып жасалған жұмыс.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ержан Қанапияұлы