Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселесі барған сайын өзектілігі артып, маңызды тақырыпқа айналып отыр.
Сарапшылар қазіргі жүйе халықаралық әділеттілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды деп санайды. Түркия мен бірнеше ел бұл құрылымды түбегейлі қайта қарауды талап етіп отыр.
Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында бес тұрақты мүше бар. Олар халықаралық мәселелерді шешуде вето құқығына ие. Бұл әділетсіздік пен теңсіздіктің айқын көрінісі ретінде қарастырылып отыр.
Кадир Челик, Анкара дағдарыс және саясат зерттеу орталығының сарапшысы:
- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық жүйе қазіргі заманның талаптарына жауап бермейді. Қауіпсіздік Кеңесінің шешім қабылдау механизмі аймақтық және жаһандық дағдарыстарды тиімді шеше алмай отыр.
Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты мүше елдерден бөлек белгілі мерзім сайын ауысып отыратын он тұрақсыз мүше мемлекет бар. Олар екі жылға сайланады және вето құқығы жоқ. Бұл жүйенің жұмысын тежейді әрі дағдарыстарды шешуге кедергі жасайды.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Өкінішке орай, соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы өз миссиясын орындауда әлсіздік танытып отыр. Ұйым біртіндеп тиімсіз, баяу әрі әрекетсіз құрылымға айналды. Сондықтан қазіргі кезеңде ‘Әлем бес елден үлкен’ деген ұранның маңыздылығы бұрынғыдан да артып отыр.
Сарапшылар Қауіпсіздік Кеңесін реформалау – бүкіл әлемдік қауымдастықтың мүддесі. Ұйым жаңғыруға бармаса, жаһандық тұрақтылыққа қауіп ұлғая беретінін айтады.
Кадир Челик, Анкара дағдарыс және саясат зерттеу орталығының сарапшысы:
- Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты және уақытша мүше елдер арасындағы теңсіздік жүйені тұйыққа тірейді. Қазақстан сияқты аймақтық елдердің реформалық бастамалары халықаралық құрылымның жаңғыруына ықпал етеді. Орта державалардың ұсыныстары бізге Тұрақты өкілдер жиналысы мен Қауіпсіздік Кеңесі аясында дұрыс бағыт бағдар белгілеуге көмектесіп, ұйымның тиімді әрекет етуіне сеп болады.
Сарапшылар Қауіпсіздік Кеңесін құрамын кеңейтіп, реформалау – әділетті әрі инклюзивті халықаралық тәртіпке бастайтын маңызды қадам. Әртүрлі өңірлер мен дамушы елдердің дауысын есту – халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтады дейді.
Меруерт Қанағат