What are you looking for?

Астанада WorldSkills байқауының жеңімпаздары анықталды

02.06.2025

Чемпионатқа 500-ге жуық студент пен оқушы қатысып, 50 мамандық бойынша сынға түсті, деп хабарлайды 24kz.

Үздіктер алдағы уақытта республикалық сайыста өнер көрсетеді.

3-курс студенті Аллажар Хамиттің қуанышында шек жоқ. Ол биыл World Slkills-қа алғаш рет қатысып, электрмен қамтамасыз ету саласы бойынша бірінші орын алды. Жас өнертапқыштың ендігі мақсаты – республикалық кезеңде топ жару.

Аллажар Хамит, WorldSkills байқауының жеңімпазы:

- Біздің істеген жұмысымыз шлагбаум жайлы болды. Машина кіріп-шыққан кезде бағдарлама және түймесі арқылы машина кіреді және кірген кезде өзінің сигналын береді. Сол кезде есік бағдарлама арқылы жабылады. Сондай жұмыстар жасадық. Алдағы мақсатым – республикалық чемпионатта алға шығып, әлемге өз өнерімді көрсету.

Байқау 15 күнге созылды. Онда студенттер электрмен қамтамасыз етуден бөлек кірпіш қалау, дәнекерлеу, графикалық дизайн және аспаздық пен кондитерлік іс секілді 50 мамандық бойынша өзара бақ сынасты. Мықтыларды анықтау оңай болмады. Үздіктердің есімі бүгінгі қорытынды жиында аталып, марапатталды.

Ақмарал Хон, Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп жатқандықтан осы жұмысшы мамандықтарды әрі қарай дәріптеу, балалардың қызығушылығын арттыру. Бүгінгі жабылуына колледж студенттерімен қатар оқушыларды да шақырып отырмыз. Осындай чемпионат өтетінін көрсін деп шақырып отырмыз.

WorldSkills байқауы осымен 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жеңімпаздардың барлығы күзде Астанада өтетін республикалық кезеңге қатысып, елорданың намысын қорғайды.

Авторлары: Мерей Қанапия, Жандос Битабаров

Social Link

Follow Me On Social Media