Бірнеше күн бұрын Lider.kz еріктілері Instagram желісіндегі парақшасында Алматыдағы психикалық денсаулық орталығынан екі адам қашып кеткенін мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Іздеу туралы ақпаратта 31 мамырда кешкі уақытта Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі (бұрынғы Қаблуков көшесі) психиатриялық ауруханадан 32 және 33 жастағы екі адам қашып кеткені көрсетілген.
Біреуі орта денелі, шашы қара, көзі қоңыр, білегінде тыртығы бар. Бойы – 157 см. Үстінде қара футболка, шорты, ал аяғында сүйретпе тәпішке болған.
Екіншісі орта денелі, күңгірт сары шашты, қоңыр көзді, сол көзінің жанында меңі бар. Ақ футболка, қара шорты және аяғына ашық түсті сүйретпе киген.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне оқиғаға байланысты іздеу ісі қозғалғанын хабарлады.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен де пікір білдіруін сұрадық.
Адам жоғалса, не істеу керек
"Электрондық үкімет" сайтында егер адам жоғалып кетсе, бірінші кезекте "102" телефоны арқылы полицияға хабарлауы немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне өзі баруы керек деп жазылған.
Полицияға ұсынылуға тиіс ақпарат келесідей:
Хабар-ошарсыз кеткен адамның жеке деректері — аты, тегі, әкесінің аты, жасы, шашының түсі, меңі, жарақат іздері немесе татуировка түріндегі арнайы белгілер; адамның қандай жағдайда жоғалып кеткені туралы мәліметтер.
Полиция адам жоғалуының ұзақтығына және жоғалып кеткен жеріне қарамастан, өтінішті дереу қабылдап, тіркеуге міндетті. Мұндай өтінішті беруге уақыт шектеулері жоқ.
Адам жоғалып кеткеніне 3 күн өткен соң ғана хабарласуға болады деп ойлау қате.