What are you looking for?

"Үнем білімге кері әсер етпеуі тиіс": Аймағамбетов Назарбаев университетінің мектептерін біріктіру туралы

09.06.2025

Мәжіліс депутаты университетке мемлекет тарапынан қолдау азаймауы керектігін айтты.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев университетінің білім беру (GSE), мемлекеттік саясат (GSPP) және бизнес (GSB) мектептерін біріктіру туралы бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл ұсыныс депутаттар арасында үлкен пікірталас туғызған.

"Бюджеттік қысым бар екені түсінікті. Назарбаев Университетіне бюджеттен бөлінетін қаражат едәуір қысқарған, гранттардың құны да төмендеген. Осыған байланысты университет шығындарды азайтудың жолдарын іздеуде. Бұл орынды. Бірақ, үнемдеу білім сапасына, академиялық еркіндікке және университеттің халықаралық беделіне кері әсер етпеуі тиіс", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл ретте депутат өзінің 7 уәжін алға тартты.

Бүгінде GSE әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Ал GSPP мен GSB – 600–800 аралығында. Егер олар біріктірілсе, жалпы рейтинг төмендеуі мүмкін. Бұл – университеттің беделінің әлсіреуі, демек студенттер, серіктестер мен инвесторлар үшін тартымдылықтың төмендеуі.

GSE – білім беру саласындағы сирек кездесетін академиялық бренд. Ол сапалы зерттеулерімен және оқытумен танымал. Біріктіру оның бірегей академиялық бейнесін жоғалтуы мүмкін.

Академиялық мәдениеттер әртүрлі. Бизнес, саясат және білім беру мектептерінің ғылыми тәсілдері мен жұмыс стилі бір-біріне ұқсамайды. Мұндай жағдайда фокус жоғалып, ішкі қақтығыстар артып, академиялық орта әлсіреуі мүмкін.

Халықаралық аккредитациядан айырылу қаупі бар. Әр мектеп өз саласы бойынша жеке халықаралық аккредитациядан өтеді (мысалы, AACSB және т.б.). Біріктірілген құрылым бұл стандарттарға сай болмауы мүмкін. Пәнаралық жұмыс маңызды, әрине. Бірақ оны міндетті түрде біріктіру арқылы емес, бірлескен бағдарламалар мен жобалар арқылы да дамытуға болады.

GSE-ні бастапқыдан дамытқан оқытушылар академиялық еркіндік пен ортаның жоғалуына байланысты жұмыстан кетуі мүмкін. Бұл жағдайда олардың артынан студенттер, зерттеушілер және халықаралық гранттар да кетуі ықтимал.

Халықаралық гранттардың көпшілігі нақты бір бағыттарға бағытталады. Профиль неғұрлым кең әрі анықталмаған болса, соғұрлым қаржылық қолдауға ие болу мүмкіндігі азаяды.

Біріктіру үнеммен тең емес. Кадрлардың кетуі, әкімшілік жүктеменің артуы, мәдени айырмашылықтар – бәрі күтілген тиімділікті жоққа шығарады. Теорияда үнем болуы мүмкін, бірақ іс жүзінде бұл үнемділік "жоғалып кетуі" ықтимал.

"Назарбаев университеті – еліміздегі сапалы білім берудің символы. Сондықтан дәл қазір университетке жеңіл шешім емес, стратегиялық, теңгерімді және терең талданған қадамдар қажет. Бұл – тек қаржылық қиындықтарға жауап емес, болашақтың бағдары. Университет басшылығы осы мәселелердің бәрін ескереді және ел болашағына жауапты шешім қабылдайды деп сенемін. Университетке мемлекет тарапынан қолдау да азаймауы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз:

  • 73 миллиард теңге: Назарбаев университеті мемлекеттен алған қаражатты тиімсіз жоспарлаған
  • Назарбаев университетінің меншігіне тағы бір медициналық орталық беріледі

Social Link

Follow Me On Social Media