What are you looking for?

Осы жұрт Байкөкшені біле ме екен?

11.06.2025

Түгін тартсаң, майы шығатын, тасын түртсең, тарихы сөйлейтін шежірелі Шыңғыстаудың бауырында әлі де бүккен сыр көп. Соның бірі – ақын Байкөкше Балғынбайұлының тарихы. Бүгінде ақынның 130 жылдан кейін ескі қорымы табылып, ел-жұрты еске алып жатыр.

«Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын Байкөкше бабамыздың асы болады» дегенді естігенде, бірден «Абай жолы» романы ойымызға оралды. Романда Қодар-Қамқаның оқиғасы кезінде Байкөкшенің көрініс беретіні бар. Алайда сұрастыра келсек, ақын туралы Абай еліндегі кәріқұлақ шежірешілер қалдырған есте­ліктері мол болып шықты. Көзі қарақты оқырманның есінде болса, өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Абай­дың Байкөкесінің зираты анық­талды» деген тақырыппен та­ным­д­­ық мақала жарияланған. Бұдан кейін Шәкәрім универ­ситетінің құрметті профессоры, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Дәулет Сейсенұлы бастаған, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ерденбеков қостаған ел азаматтары ақын туралы «Тәбәрік» деген кітап құрастырып шығарған еді.

Ел ақсақалдарының айтуынша, жыр дүлдүлі Дулат ақынды ертіп барып, Қодар-Қамқа оқиғасынан кейін жа­бырқап қалған жас Абайдың жан дүниесін серпілтіп, рухын көтерген Байкөкше Балғын­байұлы кейіннен ұлы ақынның ерекше ілтипатына бөленіп, оны «Байкөке» деп құрмет­теп кеткен екен.

Сонымен Семейден шы­ғып, Абай туған топырақ Жидебай, Қарауылды басып, хакім Абайдың досы Көкбай ауылынан Шұбартауға қарай 40 шақырымдай тау асып, Бай­көкше ақынның басына жеттік. Ақынның ұрпақтары Әбибек Жепенов, Бақытхан Рақымбаев, Төлеген Оразбаев және басқа да азаматтар ерте көктемнен іске кірісіп, зиратты темір шарбақпен қоршап, Шыңғыстаудың тасынан мәрмәр ескерткіш тақта орнатыпты. Ескерткіш тақта ашылып, бабаға Құран оқылды. Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бас­шы­сының орынбасары Олжас Соғым­бай сөйлеген сөзінде бұл ескі қо­рым алда Абай елінің киелі жер­ле­рі­нің біріне кіретінін жеткізді.

Ескерткіш тақтада: «Құнан сөзі Құранның тақтасындай, Бұқардың бұжыралы қақпа­сындай. Құнан кетті алдынан жарылқасын, Артында алтын қалды ат басындай» деген ақын Байкөкшенің сөзі қалыпты. Иә, бұл қарадан хан шыққан Құнанбай қажының өмірден өткенде еліне басу айтқан сөзі. Артында қалған ат басындай алтыны – Абай.

– Байкөкшенің ең белгілі шы­ғармасы – «Тобышақ торы» дас­таны. Бұл этнографиялық және көр­кем­дік тұрғыда құнды дүние. Жыр­да ат бәй­гесі, балуан­дар күресі мен махаббат хикаялары бейнеленген. Сонымен қатар ақын сол заманның кей­бір өрескел салт-дәстүрлерін сын тезіне алып, әйел затына деген құрметті жоғары қойған. Бұл – оның Абаймен рухани үндестігін айғақтайды, – дейді Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бай­көкше Бал­ғынбайұлы атындағы қор­дың жетекшісі, журналист Мұрат Әлин.

Ел ішінде Абайдың өтіні­ші­мен ел қорғаған батырлар тура­лы жыр-дастандар жазған Бай­­көкшенің «Әнет баба», «Ма­май батыр», «Кеңгірбай би», «Қара­менде би», «Көбей би» секілді тұлғаларға арналған дастан-жырлары болғаны, оның толық күйінде сақталмағаны айтылады.

Сөйтіп, Қарауылда Бай­көкше ақын рухына арналып ас беріліп, аудан­дық мәдениет үйінде Абайдың Байкөке­­сіне арналған мүшәйра ұйымдасты­рыл­ды. Оған Абай елінің зиялы қа­уымы мен ақынның ұрпақтары қа­тысты. Өңірдің түкпір-түкпірінен ке­­ліп қатысқан ақындар Байкөкше бей­­несін қайта тірілткендей болды. Қазылар алқасына Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Халықара­­лық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реа­ты, ақын Төлеген Жанғалиев жетек­ші­лік етті. Бас бәйгені кейінгі жылдары елге кеңінен танылып үлгерген ақын Бауыржан Игілік иеленді. Бас­қа ақындардың бәрі де сый-сияпат­тан тыс қалмады. Ақындар мүшәйрасы «Қаламқас» халық ансамблінің ойын-сауығымен өрнектеліп, Абай әндері­не ұласты.

Абай облысы

Social Link

Follow Me On Social Media