Бағаның өсуі мен болашаққа деген алаңдаушылық көп адамның арманына кедергі.
Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша қазір туу көрсеткіші төмендеді. Бұл отбасынан бас тарту емес, отбасын құруға қолайлы жағдайдың болмауы. Бұл туралы 10 маусым күні БҰҰ-ның Халық қоныстануы қоры (ЮНФПА) жариялаған жаңа баяндамасында айтылды. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Новости ООН баяндамасында миллиондаған адамның өздері қалағандай бала сүюге мүмкіндік таппай отырғаны айтылды. Оған бірнеше факторлар әсер етуде. Әлеуметтік-экономикалық қиындықтар басты себептердің бірі. Сондықтан туу көрсеткішінің төмендеуі адамдардың жеке құндылықтарының өзгеруімен байланысты емес.
Баяндама ғылыми зерттеулер мен ЮНФПА 14 елде жүргізген сауалнамаға негізделген. Бұл елдер әлем халқының үштен бірінен астамын құрайды. Зерттеу нәтижелері бойынша, әлемдегі әр бесінші адам өзі қалағандай бала сүйе алмайтынын айтқан.
Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, басты кедергілер мыналар:
• бала тәрбиесінің жоғары шығыны;
• тұрақсыз жұмыс жағдайы;
• қолжетімді баспананың жетіспеуі;
• әлемнің болашағына алаңдау;
• өзіне сай келетін серіктестің болмауы.
ЮНФПА атқарушы директоры Наталия Канем былай түсіндірді:
«Көптеген адам өздері армандаған отбасын құра алмай отыр. Бұл жерде мәселе адамдардың бала сүйгісі келмеуінде емес, олардың таңдау мүмкіндігі жоқтығында. Әр адам үшін де, қоғам үшін де маңызды мәселе. Бұл нағыз туу дағдарысы. Шешімі бар. Яғни, адамдардың қажеттілігін тыңдау. Мысалы ақылы бала күтімі демалысы, қолжетімді репродуктивті медицина және серіктестердің бір-бірін қолдауы қажет», – деді Наталия Канем.
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы экономикалық жағдай ата-ана болу жоспарын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын мойындады. Әрбір үшінші әйел жоспарсыз жүкті болғанын айтқан. Ал 50 жастан асқандардың 40 пайызы өздері қалағандай бала сүйе алмағанын жеткізген.
Сонымен қатар, 11% респонденттер отбасындағы міндеттердің тең бөлінбеуі олардың ата-ана болуына кедергі екенін айтты. Гендерлік теңсіздік пен көптеген елдердің еңбек және әлеуметтік жүйесіндегі әйелдерге қатысты ескі көзқарастар да адамдардың отбасы құру мүмкіндігіне үлкен әсер етіп отыр.
ЮНФПА бұл мәселені үстірт шешуге болмайтынын ескертеді. Бала туғаны үшін бір реттік төлем немесе туу көрсеткішін көтеру мақсатында жасалатын жасанды жоспарлар түбегейлі мәселені шешпейді және адам құқықтарын бұзуы мүмкін деп санайды.
Оның орнына ЮНФПА үкіметтерге мыналарды ұсынады:
• қолжетімді баспана мен тұрақты жұмыс орындарына инвестиция салу;
• бала күтіміне екі ата-анаға да ақылы демалыс енгізу;
• бедеулікті емдеуді және отбасын жоспарлауды қоса алғанда, репродуктивті медицинаға кең қолжетімділік қамтамасыз ету;
• жалғызбасты адамдар мен ЛГБТКИ+ өкілдерінің ата-ана болуына кедергілерді жою;
• қоғам мен жұмыс орнындағы гендерлік теңсіздікпен күресу.
Баяндаманың авторлары әмбебап шешім жоқ екенін атап өтті. Әр елдің отбасын қолдау саясаты ұлттық ерекшеліктерді ескеруі және адамдардың еркін таңдау құқығына негізделуі тиіс. ЮНФПА үкіметтерге осындай кешенді тәсілдер әзірлеуге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Мұндағы мақсат туу көрсеткішін кез келген жолмен арттыру емес, әрбір отбасы еркін қалауымен пайда болатын, ал мәжбүрліктен емес, жағдай жасалатын қоғам құру», – делінген құжатта.