What are you looking for?

Қазақстан Иранға бидай жеткізуді жылына 2 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр

13.06.2025

Иран – Қазақстан үшін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы өңіріндегі негізгі әріптестердің бірі.

Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 340,1 млн АҚШ долларды құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3% жоғары. Сондай-ақ биыл 4 айда тауар айналымы 173,5 млн АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылдың 4 айындағы кезеңімен салыстырғанда 79,1% артық.

Қазақстан бүгінгі таңда Иранды Орталық Азия және Қытаймен байланыстыратын баламасыз көпірге айналды.

Астанада екі ел байланысының перспективасы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жиырмасыншы отырысында талқыланды.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан мен Иран басшыларының басшыларының елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары және өзге де салалардың жоғары сапалы өнімін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

"Біздің сараптауымыз бойынша, Қазақстан алдағы айда 162,3 млн АҚШ доллар сомасына 60 тауар позициясының экспортын арттыруға дайын. Атап айтқанда, бұл дәнді дақылдар, оның ішінде арпа, жүгері, күнжара, күнбағыс майы, ет өнімдері, шырындар, кондитерлік өнімдер", – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе астық пен май-тоң май өнімдерін өзара жеткізуді арттыруға үлкен мән береді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 220 млн АҚШ долларын құрады.

Соған қарамастан тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы өнімдері айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мүмкіндігін растады.

"Біз Парсы шығанағы, Араб және Африка елдерінде қазақстандық ауылшаруашылық, тау-кен өнімдеріне жоғары сұраныстың барын білеміз. Сондықтан Қазақстан өнімдерін осы елдердің нарығына шығаруға көпір бола аламыз. Сондай-ақ біз Қазақстанда аулылшаруашылық техникаларын құрау саласын дамытуға ниеттіміз. Біз бұл комиссия отырыса аса мән беріп отырмыз", – деді Иран Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ғоламреза Нури Гезелже.

Иран делегациясы құрамында жүзден аса кәсіпкер-инвестор, 35 мемлекеттік орган басшысы және Иран Парламентінің 4 депутаты бар. ҚР Сауда және интеграция министрі Иранмен Каспий теңізі арқылы шектесетін Маңғыстау облысының түрлі салада бірлескен кәсіпорын құру әлеуетін жоғары бағалады.

Қазірдің өзінде Маңғыстау облысында Иран капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 77 кәсіпорын тіркелген.

"Маңғыстауға азық-түліктің 85 пайызы сырттан келеді. Оның ішінде Иран да бар. 2025 жылдың қаңтар – сәуір айларының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы сыртқы сауда айналымы 15,5 млн АҚШ долларды құрады. Өткен жылы Ақтау және Иран теңіз порттары арасындағы жалпы жүк айналымы 349 мың тоннаны болды", – деді үкіметаралық комиссия жұмысына қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Үкіметаралық комиссия жақын арада Иран Ислам Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында қол қойылатын екі жақты құжаттарды пысықтады. Комиссияның келесі отырысы 2026 жылы Иран Ислам Республикасында өтеді деп жоспарлануда. Жиын соңында министрлер отырыс хаттамасына қол қойды.

Social Link

Follow Me On Social Media