What are you looking for?

Барлық өңірде туристік полиция бөлімдері пайда болады

15.06.2025

Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде туристік полиция бөлімдері пайда болады. Мұны ІІМ Ержан Сәденов мәлімдеді. Биыл туристік полицейлер 5 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті. Олардың міндеті – шетелден келген меймандардың жайлығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Туристерге қызмет көрсету инспекторы Жалғас Жақыпов қытайлық мейманға бизнес бойынша кеңес беріп жатыр. Оның алдына күнделікті 30-дан аса турист келеді. Сұрақтары сан түрлі. Жол көрсетуден бастап құқықтық, тіпті экономикалық мәселелер алаңдататындары көп. Полиглот полицейлер іркіліп қалмайды, кез келген тілде кез келген сұраққа мүдірмей жауап береді. Жалғастың өзі қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілін меңгерген. Енді испан тілін үйреніп жүр.

Ли Сжон, қытайлық турист:

- Мен Қазақстанға бизнес құру мақсатымен келдім. Біраз күн Алматыда болдық, кеше ғана Астанаға келдік. Қазақстан мен Қытай арасында туризм дамып жатыр ғой. Оны өзім сезіндім. Қазақ елі өте білімді, қонақжай екен. Маған бәрі ұнады. Сіздермен бизнес байланысты да нығайтқым келеді.

Жалғас Жақыпов, туристік полиция взводының инспекторы:

- Қазақстанды цифрлық жағынан дамып кеткен дейді. Олар таңғалып жатыр. Олар заңды тұлғаны қалай ашуға болады дейді? Шок. Дамытуға жақсы жер екен деп таңғалып жатыр. Сонымен қатар ұлттық тағамымыздың зор пайдасын түсіндіріп жатырмыз.

Қазір 12 өңірдегі 30-дан астам туристік нысанда туристік полиция қызмет көрсетеді. Биыл оларға 5000-ға тарта азамат жүгінді. Елордадағы көрікті орындар аумағында туристік полиция қызмет көрсететін 4 стационарлық бекет бар.

Асылбек Жұбат, туристік полиция взводының инспекторы:

- Швеция елінің азаматы қонақүйде әмиянын жоғалтып алып, соны тауып бердік. Олар алкогольдік ішімдік ішіп, тәртіп бұзса, біз полицияға аудармашы ретінде барып көмектесеміз. Америка азаматтары визалық карталарын таба алмай қалады, оларға да көмектесеміз.

Әсем Астанамыз ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Туристердің алаңсыз демалуына туристік полицияның да үлесі зор. Тәртіп сақшылары түрлі жағдайға байланысты кеңес береді. Қоғамдық тәртіпті назарда ұстайды.

Хён Дон Ким, оңтүстіккореялық турист:

- Мен Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Достарымызбен келдік. Біз Еуропа, Түркия, Вьетнам сияқты елдерді араладық. Қазақстанның өз артықшылығы бар. Адамдары мейірімді. Туристік полиция қызметкерлері бізге бағыт-бағдар беріп жатыр. Бұған өте қуандық. Бізді жатсынбады, біз де өз үйімізде жүргендейміз.

Тәртіп сақшылары шетелдік туристердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Нысандарда бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған. Сондай-ақ туристік полиция қызметкерлері 2,5 мыңға жуық қоғамдық тәртіпті бұзу деректерін тіркеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап

Social Link

Follow Me On Social Media