Қытайлар әлемдегі ең қауіпті Такла-Макан шөлін қоршап тастады .
Орманшылар жалпы аумағы үш мың шақырымнан асатын жерді 40 жыл бойы оқшаулады.
Алайда бұл шөлді толық тоқтата алмай тұр. Көшпелі құм сусып алқаптарға жайылып барады. Сондықтан мамандар жобаның екінші кезеңін шұғыл жүзеге асыруға кірісті.
Бұл шөлді жергілікті жұрт «Ажал теңізі» деп атайды. Өйткені оған кірген адам қайтып шықпайды. Аңызға сәйкес, бұған дейін кесіп өтпекші болған талай керуен із-түссіз жоғалып кеткен көрінеді. Бүгінгі күні шөлдің экологиялық зияны да орасан боп тұр.
Суя Лату, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бюро директоры:
- Жоба 1978 жылдан басталған. Содан бері әлі жалғасып келеді. Бұл ұрпақтан ұрпаққа берілетін маңызды жоба. Кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асырылып жатыр. Біз экологиялық апаттың алдын алуға міндеттіміз.
Қазір қытайлар бұл жұмысты жеделдете бастады. Әсіресе жасыл белдеудің енін ұлғайтуға мән беріліп отыр. Себебі аумағын ұлғайтпаса бұған дейін егілген өсімдіктер құм астында қалуы мүмкін. Көшпелі құм маңайындағы жайылымдарды басып, елді мекендерге қарай жылжып барады.
Цзя Лэй, орман шаруашылығы және жайылым жөніндегі бюро қызметкері:
- Енді қараталдан гөрі жеміс ағаштарын егуді көбейтеміз. Осы арқылы шөптен жасалған тордың тиімділігін арттырамыз. Бұл көшеттердің тез өнуіне себепкер болады. Қазір алша, құрма, шабдалы, өрік ағаштары егілуде.
Жобаның ендігі кезеңінде шөлге емдік қасиеті бар өсімдіктер егіледі. Қазірдің өзінде 20 шақты түрі себілген. Сондай-ақ шөлдің оңалған бөлігін ел биілігі шаруаларға жалға бере бастады.
Ильяр Мавлан, жергілікті тұрғын:
- Биыл мен қосымша жарты гектардай жерді жалға алсам деп отырмын. Жержаңғақ пен бірнеше емдік шөптерді ексем деймін. Бұл өсімдіктер шөлге, көшпелі құммен күресуге төзімді. Оның үстіне өнімнен түсетін пайда да қомақты. Бұрынғыға қарағанда қазір құмды дауылдар азайды.
Орманшылардың айтуынша бұған дейін 300-ден аса өсімдік түрі егілген. Өсіп-өнген алқапқа аң-құс та жіберіліпті. Биыл жыл соңына дейін 4 мың гектардан астам жерге шөп пен жеміс ағаштарының көшеттері егіледі. Оны жеделдету үшін дән себетін роботтандырылған техника қолданыла бастады.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын