Арыс жол дистанциясының бас инженері Думан Асылханұлы КамАз ауыр жүк көлігін жүргізуші мен жөндеушілерге жақсы жаңалық жариялады . Дистанция рационализаторы Жомарт Сырлыбайұлы ауыр жүк көліктерін жөндеу кезінде пайдаланатын баспалдақ ойлап тапқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауыр техниканың істен шыққанын қалыпқа келтіруде шапшаңдық пен шеберлік жүргізуші мен жөндеушіге үлкен сын. Техниканы жылдам әрі сапалы жөндеп қатарға қосу біршама жауапкершілікті қажет етеді. Қауіпсіздік қағидасын қаперден шығаруға тағы болмайды. Теміржолшы осы істің орайын оңтайлы тапқандай. Ол ойлап тапқан ауыр жүк көлігінің дөңгелегіне арналған баспалдақ – мамандардың айтуынша, жұмыс өнімділігін арттырудағы тапқыр шешімнің бірі ретінде бағаланды.
«КамАз» көлігінің жүріс бөлігі мен қорабы да, тіпті қозғалтқышы да жүргізуші кабинасының астында орналасқан. Оны оңдап, жөндеу немесе май, суын тексеріп күтіп-баптау үшін әлгі кабинаны көтеріп, адам астына кіруі қажет. Бұл әрекет қауіпті екені мәлім. Одан бөлек алдыңғы дөңгелектің үсті арқылы раманың ортасында орналасқан қозғалтқышқа қол жеткізу көп қолайсыздық туындатады. Ол аздай нұсқаулық бойынша «КамАз»-ды күтіп-баптау мен жөндеп, оңдау жұмыстарына кемі 2 адам қатысуы керек.
«Шымкент матистралдық желі дирекциясы бастығының бірінші орынбасары Жомарт Мырзабеков бастаған бір топ жігіттер өзара ойласып, кеңесе келе дөңгелекке арналған басқыш-баспалдақ жасап шығарған. Үстіне екі адам шыққанда иіле қоймайтын металл конструкциядан жасалған басқышты тік тұрған дөңгелектің төбесіне кигізе қойғанда баспалдақтан аумайды. Ал оны қолдану кезіндегі қолайлылық траекториясы мен тиімділігі өз алдына әңгіме. Тіпті, екінші маманға да қажеттілік туындамай, бір адамның өзі алып жүк көлігін жөндеп-түзеуді оп-оңай жалғастыра береді. Яғни, кабина көтеріліп, биіктігі 125 сантиметрді құрайтын дөңгелекке кигізілген басқышқа адам шыққанда көлік қозғалтқышының бұлтарыс-қалтарысына дейін қолың оңай жететін қолайлылық туындайды. Бұдан жөндеушінің жұмыс өнімділігі артады. Сонымен қатар, ыңғайсыз жағдайда еңкейіп, иілуден қорғап, жөндеушінің беліне физикалық күш түсуден сақтайды. Өз кезегінде бұл жүргізушіні шаршатпай, ұзағырақ өнімді еңбек етуге мүмкіндік береді», деп жазды «Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі Нұрлыбек Досыбай.
Жалпы, жоба туралы біршама уақыт айтылғанымен, кәсіпорында қолданысқа мамыр айынан бастап енгізілген. Оның себебі, жобаның сәуір айында Жол және құрылыс департаментіндегі техникалық кеңес мүшелерінің талқылауынан өтіп, оң бағасын алумен тікелей байланысты көрінеді. Осылайша, рационализатор ұсынысы оң қорытынды алып, авторға қаржылай сыйақы бөлінген және ПЧ-54 мекемесінде сәтті жүзеге асырылған.