What are you looking for?

Тәртіп эталоны

21.06.2025

Адам үйінен тысқары жерде өзін қауіпсіз сезіне алса, ол елде құқықтық тәртіп орныққан дегенді білдірсе керек. Отандық полиция шебінде он жылдан аса қызмет атқарып келе жатқан Азамат Күркебаев – өзінің миссиясына адал қарайтын азаматтың бірі.

Былай қарасақ, полицияның міндеті көп, шаруасы шашетектен. Учаскелік полициядан бас­тап, кеңседе отыратын бастықтарының өзі үнемі шапқылап жүреді. Әсіресе жергілікті полиция қызметінің жұмысы күрделі. Қоғам мен жол қауіпсіздігіне қатысты барлық профилактикалық іс-шара, оқиға мен қылмыстық іске жауапты. Ертіс-Баян өңіріндегі осы бір толассыз тірлікті ұйымдастырып, үйлестіру облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Азамат Күркебаевтың еншісінде. Еңбек жолы қатардағы учаскелік полицейден басталған тәртіп сақшысы алғырлығы, қызметіне деген адалдығының нәтижесінде бүгінде бүтін бір облыстың қоғамдық тәртібін қадағалап отыр.

«Әр полицейдің міндеті – антына адал болу, Отанына қызмет ету. Әдетте қатардағы полицейлердің қызметі шым-шытырыққа толы. Себебі бұл жерде жұртпен етене жұмыс істейсің. Сонысымен де қызық. Қауіпті құбылыстың, ықтимал қылмыстардың алдын алуға ұмтыласың. Былайғы көпшілік біле бермес, қоғамда тәртіп сақшыларының қатысуымен күніне жүздеген қылмыстың алды алынады. Қоғам тәртібін қадағалау, қылмыстың алдын алу, жұртты заңға бағынуға үйрету күн тәртібінен түспейді», дейді ол.

«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, Азамат Маратжанұлы – жақсы әкенің тәлімін алған жан. Ата-анасы балаларының барлығын оқытып, адал еңбекке үйреткенін, ал полицей мамандығын таңдауына нағашы жұртында бұрын ішкі істер саласының қызметкерлері болғаны себепкер екенін жеткізді. Әкесі үйде тәртіпті үнемі алға қойғаннан ба, ұлы кішкентайынан тәртіпсүйгіш болып жетілген. Өсе келе мамандыққа адал болудың негізгі факторы да тәртіпке бағыну екенін ұққандай.

«Полицейлер тәртіптің эталоны болуы керек. Бұл – қағида ғана емес, адамның ішкі жан дүниесімен байланысып жататын ой-өріс. Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген азаматтар психологиялық тұрғыдан мығым болмаса, ұзаққа шыдамайды, толассыз тірліктен күйіп кетеді. Оған талай мәрте куә болдық. Ал жылдар бойы жинаған тәжірибе бізді дамытып қана қоймайды, жұртпен жұмыс істеуде жаңашылдық енгізуге түрткі болады. Павлодар облысы еліміздегі ең қауіпсіз өңір­дің бірі деп мақтанышпен айтуға лайықты. Көп­шілік тәуліктің кез келген уақытында Ертіс өзені жағасында, көшелер мен саябақтарда емін-еркін серуендеп, өзін қауіпсіз сезіне алады. Мұндай қауіпсіз атмосфераны ұстап тұру үшін полицейлер күн са­йын тынымсыз еңбек етіп жүр», деп кейіпкеріміз әңгімесін жалғай түсті.

Азамат Күркебаев Екібастұзда учаскелік полицей, взвод, рота командирі болып еңбек етіп жүрген шағында алдыңғы қатардағы қызметкерлердің бірі болғанын да атап өтпеске болмас. Әсіресе көшеде мейірбике әйелдің қолсөмкесін ұрлап қашқан тонаушыны 10 минут ішінде ұстап, қылмысты ізін суытпай ашқаны туралы ақпарат бір жылдары әлеу­мет­тік желіде танымал болған. Жол қауіпсіздігіне қауіп төн­дір­ген мас жүргізушілердің талайын құрықтап, балконнан секіргелі тұрған азаматтарды құтқарып қалды.

Сөз соңында Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құрғалы отырғанын оң бастама ретінде қолдайтынын жеткізді.

«Адамдар ережелерді сақтап, тәртіпке бағынса, көлік жүргізушілері қауіпсіздік белбеуін тағып, жылдамдықты асырмаса, тәртіптің сақталуы деген сол. Яғни кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қоғамдағы тәртіптік сананы күшейтуге мән беруіміз керек. Алдын алу іс-шараларының маңызы да соған саяды. Адам кез келген ортада өзін қауіпсіз сезіне алса, ол – құқықтық мемлекеттің игілігі», деп тәмамдады сөзін.

Азамат Маратжанұлы бүгінде зайыбы екеуі отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Павлодар облысы

Social Link

Follow Me On Social Media